Украина президенті Петр Порошенко Киевте АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі Курт Уолкермен кездесіп, Донбастағы қақтығысты талқылады, деп хабарлайды Азаттық.
Порошенконың ресми сайтында жарияланған мәлімдемеге қарағанда, тараптар кездесуде Украина шығысындағы қақтығысты реттеу үшін жасалған Минск келісімінің орындалмай жатқанына қынжылған.
Уолкер Twitter-де Порошенкомен «жақсы әңгімелескенін» жазып, осы аптаның соңында ресейлік дипломаттармен кездесу үшін Дубайға баратынын хабарлады. Порошенконың мәлімдемесінде «Украина шығысында қақтығысты тоқтату» мен «Украинадан Ресейдің оккупацияшыл әскерін шығару» басты тақырып болғаны айтылады.
Украина армиясы 2014 жылдың көктемінен бері елдің шығысындағы Донецк және Луганск облыстарында Ресей қолдайтын сепаратистермен соғысып жатыр.
Мәскеу Украинаның ішкі ісіне киліккенін жоққа шығарғанымен, Халықаралық қылмыстық сот 2016 жылы қарашада қақтығысты «Украина мен Ресей арасындағы халықаралық қарулы қақтығыс» деп таныған. Қақтығыстан 10300-ден астам адам қаза тауып, 1,6 миллионнан астам адам босып кеткен.