30 қаң, 2021 сағат 01:18

Украина парламенті коронавирусқа қарсы Ресей вакциналарына тыйым салды

Украина парламенті – жоғарғы рада депутаттары Ресейде шығарылған коронавирусқа қарсы вакциналарға тыйым салу туралы заң жобасын көпшілік дауыспен мақұлдады. Бұған қоса жоғарғы рада АҚШ, Еуропа одағы, Қытай, Үндістан және Мексикада шығарылған вакциналарды жеделдетіп тіркеу процедурасын жеңілдетті.

Украина халыққа коронавирус вакцинасын салу науқанын әлі бастаған жоқ.

Үкімет ақпанда америкалық Pfizer және германиялық BioNTech бірлесіп жасаған вакцинаның 100-200 мың дозасын алуды жоспарлап отырғанын хабарлады.

Ел өкіметі Ресейде жасалған вакцинаны қолданбайтынын бұған дейін де айтқан. "Ресей вакцинасын Украинада ешкім тіркемейді" деді Украина денсаулық сақтау министрі Максим Степанов 29 қаңтарда өткен арнайы брифингте.

2014 жылы Ресей Украинаның Қырым түбегін заңсыз аннесиялағалы бері Киев пен Мәскеу арасы нашарлап кетті. Оның үстіне Украина шығысындағы сепаратистерді Ресей қолдап отыр деп санайды. Донбасс аймағындағы қарулы қақтығыс салдарынан осы күнге дейін 14 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Соңғы екі апта елде коронавирус жұқтырған, аурухана жатқызылған және бұл дерттен көз жұмған адамдар саны біртіндеп азайып келеді. Былтырғы наурыздан бері Украинада Covid-ке шалдыққан 1,2 млн адам тіркелген, 22 мың адам көз жұмған.