01 нау, 2022 сағат 20:55

Украина Қырғызстан мен Грузиядағы елшісін кеңесу үшін кері шақырып алды

Украинаның Қырғызстандағы елші Валерий Жовтенко

Украина президенті Владимир Зеленский Қырғызстандағы елші Валерий Жовтенко мен Грузиядағы елші Игорь Долговты кеңесу үшін кері шақырды. Бұл туралы Зеленский Facebook желісіндегі эфирінде айтты, деп хабарлады Азаттық радиосы.

Украина басшысы Қырғызстан билігі "Украинаға қарсы агрессияны ақтағаны үшін" елшіні кері шақырып алғанын жеткізді. Зеленский Грузия билігі Украинаға ерікті түрде көмектескісі келгендерге мүмкіндік бермеді деп мәлімдеді.

Қырғызстан билігі Ресейдің Украинаға басып кіргеніне қатысты ресми ұстанымын білдірмеген. Бірақ 26 ақпанда Ресей билігінің бақылауындағы РИА Новости агенттігі "Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен сөйлескенде кезінде Ресейдің Донбасстағы бейбіт тұрғындарды қорғау әрекетіне қолдау білдірді" деп жазған.

Бірақ Қырғызстан президентінің ресми сайтында "екі елдің басшылары халықаралық және аймақтың қауіпсіздігі бойынша, сонымен қатар Украинадағы жағдайға қатысты пікір алмасты" деп жазылған.

Жапаровтың баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев 27 ақпанда Facebook парақшасында "екі тарап жақын уақытта бейбітшілікке қол жеткізеді деп үміттенеміз. Біз бұл жағдайдың тез арада келіссөздер арқылы шешілгенін қолдаймыз" деп жазған.

Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Казакбаев 27 ақпанда Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың сыртқы істер ведомстволарының онлайн кездесуінде Бішкек Украинадағы жағдайға алаңдап отырғанын жеткізген.

"Бұл қақтығыс екі ағайын халықтың арасында болып жатыр. Қырғыз халқы орыс халқымен де, украин халқымен де бұрыннан достық қарым-қатынаста. Бірақ Қырғызстан қазір әлем бірігудің орнына бөлініп жатқанына қынжылады" деген Казакбаев.

Ресей 24 ақпанда Украина аумағына кіріп, соғыс бастаған. Соғыс жалғасып жатқанына алтыншы күн болды. Екі жақтан да адам шығыны бар.