26 шіл, 2019 сағат 12:51

Украина Керчь бұғазын жапқан ресейлік кемені ұстады

Измаил портындағы ресейлік NEYMA (NIKA SPIRIT) танкері.

Украина қауіпсіздік қызметі Ресейдің NEYMA атты кемесін ұстады. Бұл танкер ресейлік шекарашылар украиналық үш кемені ұстағанда Керчь бұғазын жауып тұрған. Бұл туралы ведомство өзінің Facebook парақшасында хабарлады, деп жазады Азаттық.

Қауіпсіздік қызметінің жазуынша, кеме 24 шілде күні Одесса облысындағы Измаил портына NIKA SPIRIT деген атпен кірген. Ведомство мен әскери прокуратура "[ресейліктер] танкер атын кеменің заңсыз әрекетке әрі агрессияға қатысы барын жасыру үшін әдейі өзгерткен" дейді. Украиналықтар танкердің шын атын халықаралық ақпараттық жүйе көмегімен анықтаған.

Ведомство хабарына қарағанда, кемеден құжаттар мен журналдар, радиохабар жазбалары тәркіленіп, экипаж тергелген.

Украина кемені қамауға алуға шағым дайындап жатыр. Қауіпсіздік қызметінің мәлімдеуінше, Керчь бұғазындағы жағдайға қатысы бар деп жоғары шенді 15 ресейлік әскери қызметкер күдікке ілінген.

Ресей сыртқы істер министрлігі Мәскеу танкердің ұсталуы жайлы ақпаратты тексеріп жатқанын айтты. Ведомство "Ресейліктердің ұсталып, олардың кепілге алынғаны рас болса, бұл халықаралық құқықты өрескел бұзу болып саналады. [Украина] көп күттірмей салдарын тартады" деді.

2018 жылы 25 қарашада Ресей аннексиялап алған Қырымда ресейлік шекарашылар украиналық үш әскери кемені басып алып, 24 теңізшіні ұстаған. Теңізшілерге "Ресей шекарасын заңсыз кесіп өтті" деген айып тағылған. Бұл бап бойынша алты жылға дейін жаза мерзімі қарастырылған. Биыл 17 шілдеде Мәскеу соты 2018 жылы қараша айында Қырым жағалауында Ресей әскерилері ұстаған украин теңізшілерінің қамау мерзімін үш айға ұзартты.

Киев бұл әрекетті агрессия ретінде бағалап, теңізшілерді әскери тұтқындар деп атады. Украина ұстанымын АҚШ, НАТО және Еуроодақ қолдады.

БҰҰ-ның Халықаралық трибуналы Ресейді 25 маусымға дейін украиналық теңізшілерді босатуға міндеттеген. Бірақ Мәскеу бұл шешімді орындамады.