13 қаң, 2022 сағат 17:04

ҰҚК қызметкерлерінің өлімі: оқиғаның мән-жайы айтылды


Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстандағы тәртіпсіздіктер кезінде қызметкерлер мен әскери қызметшілер қалай қаза болғаны туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҰҚК Шекара академиясының бастығы полковник Павел Поливанов академияның жеке құрамы мен курсанттары Алматы әкімдігі ғимаратының қорғанысына қалай көмектескені туралы айтып берді.

"4-5 қаңтарға қараған түні әскери қызметшілер мен курсанттар Алматы әкімдігі қорғанысын ұстады. Шабуылдаушылар тобына қолда бар құралдармен қарсы тұруға тура келді, өйткені атыс қаруын қолданбау туралы бұйрық берілді. Жиналғандар дыбыс және түтін гранаталарын қолданды, сондықтан айналаны көру деңгейі азайды", - деді Поливанов.

ҰҚК Шекара академиясы кафедрасының бастығы полковник Кабдинов Андрей Вячеславович Әкімдік ғимаратын қорғау кезінде газдан уланып, алған жарақатынан қаза болды, деді ведомство өкілі.

"Ол әртүрлі лауазымдарда қызмет етті - застава бастығының орынбасарынан Шекара академиясының кафедра бастығына дейін. Андрей Вячеславович 4 баланың әкесі. Курсанттар қаза тапқан полковникті ерекше командир санайды", - деді баспасөз қызметі өкілдері.

6 қаңтарда кешке шекара академиясына кіреберісте бүлікшілермен атыс басталып, онда академияның аға офицері капитан Жағалбаев Жандос Мұхтарұлы қаза тапқан.

"Жұбайымен тұңғышын күн санап күтіп жүрген. Басына оқ тиіп, қаза болды", - деді комитеттегілер.

Сондай-ақ, академияны қорғап, үш курсант қаза тапқан: Жұпарбеков Дәулет Бауржанұлы, Битим Мейрхан Ержанұлы және Әділхан Жайық.

"Қаза болғандардың достары мен курстастары олар бала кезінен шекарашы болуды армандағанын, жақсы оқып, спортпен шұғылданып, мақсатына сенімді түрде жеткенін айтады. Жанашыр, мейірімді, көңілді, адал жолдастар", - деді ҰҚК өкілдері.

7 қаңтарда Таразда Ұлттық қауіпсіздік подполковнигі Әділбай Дастан Әділбайұлы жер қойнауына тапсырылған.

"5-6 қаңтарға қараған түні қызметкерлер аумақтық департамент ғимаратына шабуыл жасаған 350-ден аса бүлікшіге тойтарыс берді. Атыс кезінде оқ жарақатын алған Дастан Еділбай әріптестерін ауруханаға жеткізді, сол жерде есінен танып, операция үстелінде көз жұмды", - деді Поливанов.

ҰҚК әскери қарсы барлау органдарының кіші жедел уәкілі капитан Нұркенов Әділ Дулатұлы құпия құжаттарды эвакуациялау кезінде қаза тапқан.

"Ол үш жасар қыздың әкесі, сүйікті жар", - деп бөлісті ҰҚК өкілі.

10 қаңтарда Жамбыл облысы Шекара комитеті департаментінің Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының учаскесінде жауынгерлік міндетті орындау кезінде ШБ жауынгерлік даярлық және резервтерді қолдану бөлімінің офицері капитан Карменов Ерзат Қанаятолданұлы және офицер Армидинов Шавкат Шатликович қаза тапты.

"Карменов 2 баланың әкесі болатын, ал Армидинов тіпті отбасын құрып үлгермеген. Олар шекараны лайықты күзетті, жоғары патриотизм рухында тәрбиеленді және шекарашылар әдеттегідей сырттан келген қауіпті бірінші болып көрсетуге дайын болды", - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай тәртіпсіздіктерді тоқтату, террористік және экстремистік топтардың жолын кесу барысында көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін қаза тапқан 6 қызметкер мен әскери қызметшіні II және III дәрежелі "Айбын" ордендерімен марапаттауды тапсырды. ҰҚК қызметкері капитан Нұркенов "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталды.

"Алматы қасіреті - халқымыз үшін үлкен шығын. Өкінішке қарай, қатал шындықты өзгерте алмаймыз. Бірақ, қысқа өмір сүргеніне қарамастан, олар лайықты із қалдырды және әскери борышқа деген батылдық пен адалдық үлгісі болды", - деп қорытындылады Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері.