ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің әлеуметтік желідегі парақшасы жалған болып шықты. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Осы мәлімдеме арқылы instagram әлеуметтік желісіндегі mamin_online аккаунты жалған екенін хабарлаймыз. Тіркеулік жазбаның қолданылуын тоқтату бойынша сәйкес шаралар қабылданды", - делінген хабарламада.
Баспасөз өкілдері Instagram әлеуметтік желісінің қолданушыларынан тек ҚР Премьер-Министрінің Primeminister.kz ресми сайтында және Фейсбук, ВКонтакте, Твиттер, Перископ және Одноклассники әлеуметтік желілерінде, Ютуб ресми арнасында нақтыланған аккаунттарында орналастырылған ақпаратты пайдалануларын сұрайды.
Айта кетсек, жақында Instagram әлеуметтік желісінде mamin_online атты жаңа аккаунт ашылған болатын. Бұл парақша ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Instagram желісіне қосылуынан кейін пайда болды.