Фото: parlam.kz
Үкімет әлемдегі күрделі жағдай аясында тиісті қадамдарды жасап жатыр. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралды.
Осы орайда жалпы отырыстан кейін тілшілер палата басшысынан бюджеттің атқарылуында мемлекеттік органдардың кемшіліктері бойынша қандай жауапкершілік болатынын сұрады.
Өз кезегінде Наталья Годунова бюджеттің орындалуына қатысты Үкіметке жиі сын айтылатынын, алайда бұл салада объективті себептер бар екенін айтты.
«Жоғары аудиторлық палата өзінің құзыреті аясында сын айтып жатады. Аудит жүйелі проблеманы, кемшіліктерді, заң талаптарын бұзу деректерін анықтайды. Бұл біздің негізгі міндетіміз. Бірақ Үкіметтің алдында тұрған қиындықтарды да назарға алған жөн. Әлемдегі геосаяси жағдайды, әлемдік нарықтардағы турбуленттілік, Қазақстанның негізгі экспорттық тауарлары бағасының құбылмалылығы сияқты қазіргі жағдайда өзіңізді үкіметтің орнына қойып көріңіз. Осындай жағдайда белгіленген міндеттерді орындау аса күрделі болып тұр. Егер Үкімет жүзеге асырған қадамдар орындалмаса, онда еліміздегі жағдай айтарлықтай қиын болар еді», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, бюджеттің атқарылуы саласында жүйелі проблемаларды анықтап, кемшіліктерге жол бермеуге ерекше екпін қойылып отыр. Жоғары аудиторлық палатаның міндеті – осы жүйелі проблемаларды анықтау.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова тиімсіз салық жеңілдіктерін алып тастауды ұсынды.