14 қыр, 2018 сағат 15:15

Үкімет "Цеснабанк" несиесін сатып алмақ

Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк 14 қыркүйекте "Цеснабанктің" ауылшаруашылығы мақсатында берілген несие портфелін "сатып алу әдістері пысықталып жатқанын" хабарлады. "Цеснабанк" Қазақстандағы активінің көлемі жағынан екінші ірі коммерциялық банк саналады. Сатып алу құны 450 миллиард теңге (шамамен 1,2 миллиард доллар) болмақ. Биліктің мәлімдеуінше, несие портфелін сатып алу банктің "қаржылық тұрақтылығын нығайтып", оны сауықтыруға мүмкіндік жасайды. Үкімет "Цеснабанк" акционерлері банкті сауықтыруға банкке қосымша өз қаржысынан капитал салу арқылы қатысатынын айтады.

"Цеснабанк" өткен аптада Ұлттық банктен қысқа мерзімге 150 миллиард теңге несие алғанын растаған. Несие "қосымша өтімділік қорын қамтамасыз ету үшін" берілген. Банк 6 қыркүйектегі жағдай бойынша несиенің жартысынан көбі - 100 миллиард теңгені "өз есебінен өтегенін" хабарлаған.

14 қыркүйекте "Цеснабанк" басшылығында өзгерістер болғанын хабарлады. Банктің басқарма төрағасы Ержан Төлеубеков қызметінен босап, орнына бұған дейін "Казкоммерцбанкте" (қазір "Халық банкпен" қосылды) және Deutsche Bank-те түрлі қызмет атқарған Ульф Вокурка сайланған.

Өткен айда Reuters ақпарат агенттігі Fitch рейтинг агенттігінің есебіне сүйеніп, 2018 жылдың екінші тоқсанында "Цеснабанктің" өтімді активтері 30,3 пайызға азайғанын және бұл Қазақстандағы ең ірі 10 банк арасындағы ең үлкен құлдырау екенін хабарлаған. Reuters Қазақстан Ұлттық банкіне сілтеме жасап, бірнеше мемлекеттік компания әрқилы себеппен "Цеснабанктегі" депозиттеріне салған ақшасын қайтарып алғанын жазған.

Ұлттық банктің мәліметінше, "Цеснабанктің" активі 5,6 миллиард долларға жетеді. "Цеснабанк" - Қазақстан президенті әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Әділбек Жақсыбеков отбасының бақылауында.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 10 қыркүйекте Әділбек Жақсыбековті "зейнет жасына жетуіне байланысты" отставкаға жіберу туралы жарлық шығарған. Сол күні Жақсыбеков "Цеснабанк" акцияларының бақылау пакетіне ие "Цесна" корпорациясының директорлар кеңесіне басшы болды.

2017 жылы банк секторын жақсарту бағдарламасы аясында "Цеснабанкке" мемлекеттен жеңілдікпен 100 миллиард теңге берілген еді.

Биыл көктемде президент Назарбаев банк секторын қолдау бағдарламасы аяқталғанын мәлімдеп, коммерциялық банктерге енді мемлекеттен көмек сұрамауды ескерткен.

Азаттық