28 қаң, 2020 сағат 07:42

Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шараларды қарады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы 24 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды, – деп хабарлайды primeminister.kz.

Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы М. Әбілқасымова, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов, сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасарлары Р. Скляр мен Б. Сапарбаев  баяндама жасады.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөніндегі Үкімет шараларының кешені осы жылдың соңына дейін мемлекеттік аппарат құрылымын оңтайландыруды, бәсекелестікті қорғау жөніндегі жұмысты күшейтуді, «Техникалық реттеу туралы» заң жобасын дайындауды, сертификаттаудың ұлттық жүйесін дамытуды, осы жылдың бірінші жартысында салық жүйесін реформалауды, 2025 жылға дейін сауда саясатының бағдарламасын әзірлеуді, биыл бизнестің бірыңғай ақпараттық сервиске қол жеткізуін қамтамасыз етуді және т. б. қамтиды.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақстандықтардың нақты табысы мен тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр инвестицияларды белсенді түрде тарту, экономиканың шикізаттық емес секторларын, шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру Үкіметтің әрбір мүшесі мен әкімдердің негізгі басымдықтарына айналуы тиіс екенін атап өтті.

«Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша шаралар кешенін ұсынды. Жауаптылар мен орындалу мерзімдері анықталды. Енді үйлесімді жұмысты ұйымдастыру қажет. Президенттің алға қойған барлық міндеттері нақты орындалуы тиіс. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары дербес жауап береді», — деді А. Мамин.

ҚР Президентінің өнімсіз бюджет шығыстарын қысқарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет басшысы министрлерге, өңірлердің әкімдеріне және ұлттық компаниялардың басшыларына бір апта мерзім ішінде Қаржы министрлігіне тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.

«Қаржы министрлігі 2 аптадан кейін Үкімет отырысында өнімсіз бюджет шығыстарын қысқарту бойынша әзірленген тәсілдер туралы баяндасын», — деді А. Мамин.