02 нау, 2020 сағат 09:13

Үкімет: Халықтан коронавирусқа қатысты жалған ақпаратқа сенбеуді сұраймыз

Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирустың елге кіріп, таралуына жол бермеу мемлекеттің ғана емес, әрбір отбасының жауапкершілігі екенін мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бұл мемлекеттің ғана жауапкершілі емес, әр отбасының, әр мемлекеттік органның, жергілікті жердегі ұйымдардың да ортақ жауапкершілігі. Сондықтан оны толықтай сезінуіміз керек. Кейінгі кезде кейбір БАҚ немесе әлеуметтік желілер арқылы шындыққа мүлде сәйкес келмейтін ақпараттарды байқап отырмыз. Сырттан келген ақпараттарға сенбеулеріңізді барлық азаматтан сұраймыз», - деді Ералы Тоғжанов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында.

Үкімет басшысының орынбасары жалған ақпарат таратқан адамдардың заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын еске салды.

Еске сала кетсек бұған дейін Ералы Тоғжанов Үкімет коронавирусқа қатысты жағдайды бақылауда ұстап, тиісті шараларды қабылдап жатқанын айтып берген еді.

Коронавирусқа қатысты жалған ақпараттардың бірі өткен демалыс күндері Жамбыл облысында тараған болатын.