ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өткізілді, деп хабарлайды primeminister.kz.
Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы ахуал және карантинге дайындық туралы әкімдер А. Көлгінов пен Б. Сағынтаев, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу жағдайы туралы сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов, тарифтерді реттеу және сауда нысандарындағы бәсекелестікті қорғау мәселелері туралы ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, мемлекеттің әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етілуі және өңірлердегі тұрақтандыру қорларын қолдау шаралары туралы ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров баяндады.
«Мемлекет басшысы азаматтарды азық-түлік өнімдерімен және бірінші қажеттіліктегі тауарлармен үздіксіз қамтамасыз ету міндетін қойды. Орын алған жағдайды ескере отырып, нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету шараларын қабылдап, шұғыл әрекет ету қажет» , — деді А. Мамин.
Қаржы және сауда министрліктеріне ішкі нарықты молықтыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына импорттық салықты алып тастау мәселесін пысықтау тапсырылды. Бұл ретте әкелінетін тауарларға фитосанитариялық және ветеринариялық бақылау жүргізуді сақтау қамтамасыз етілуі тиіс.
Өңірлер әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қазіргі жай-күйіне күн сайын мониторинг жүргізіп, қажет болған жағдайда шекті бағаларды белгілеп, интервенция өткізу арқылы тиісті шұғыл шараларды қабылдау бойыша тапсырма берілді.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру үшін жергілікті бюджеттерден қосымша қаражат бөлуді тапсырды.
Премьер-Министр төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік шекарадан өту мәселелері бойынша шешім қабылдау тәртібін бекітуді, сондай-ақ транзиттік көліктің санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.