Коронавирусты зерттеу үшін Қытайдың Ухань қаласына барған ДДСҰ мамандары автобусқа отырып жатыр. 14 қаңтар 2021 жыл.
Қаңтар айының ортасында коронавирусты зерттеу үшін Қытайдың Ухань қаласына барған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары 14 күндік карантиннен шықты. Ақпарат құралдары 28 қаңтарда олардың қонақ үйден шығып, автобусқа мінгенін көрген. Бірақ олардың қайда бағыт алғанын анықтай алмаған.
Ғалымдар былтыр коронавирус ошағы болған Уханьда вирустың тарауын зерттеу үшін шамамен бір ай уақыт болады. Бастапқыда олардың сапары шегеріліп, халықаралық сарапшылар қажетті ақпаратқа қол жеткізе алмай, індетті бірінші болып бастан кешірген халықпен тілдесе алмай қаламыз ба деп алаңдаған.
Пекин әлемде 2,1 миллион адамның өмірін қиған вирустың пайда болуын зерттегісі келген халықаралық топтың талпынысын наразы күйде қабылдаған. Халықаралық ғалымдар тобына қойған талаптары үшін және түрлі болжамды алға тартып, айыптан жалтаруға тырысқаны үшін де Қытай сынға ұшырады. Қытай үкіметі індетті бұзылған теңіз өнімдерін импорттаумен байланыстыруға бейім. Бұл болжамды халықаралық сарапшылар жоққа шығарған.
Уханьда коронавирустан қайтыс болғандардың туыстары бұған дейін Қытай билігін әлеуметтік желідегі аккаунтарды жойып, өздерін "жақ ашпауға" мәжбүрлеп, қысым жасады деп айыптаған.