8 сәуірге қараған түні Қытай билігі вирус ошағы саналатын Ухань қаласын ашты. Хубэй провинциясының орталығы қаңтар айынан бері толық изоляцияда болған. Ресми ақпаратқа сәйкес, 7 сәуірде мұнда ешкімнен вирус табылмаған.
Карантин кезінде билік барлық оқу орындарын жауып, қоғамдық көлікті тоқтатты. Тұрғындар рұқсатсыз қаладан шыға алмаған.
Хубэй провинциясында карантиндік шаралардың алынатыны туралы ақпарат наурыз айының соңында тараған. Қазір тұрғындар провинция аумағынан шыға алады. Жақын арада әуе қатынасы қайта қалпына келеді деп айтылады.
Ухань қаласының солтүстік бөлігіндегі Фухэ төлеу бекетінде көлік иелері дабылды асыға күтіп, қаладан шығуға асықты.
Уханьда жеке бизнесі бар Го Лэй көлігімен төлеу орнына сағат 20:40 шамасында келген. Онымен бірге көлікте тағы алты адам бар. Олардың барлығы үйіне қайтатын күнді күтіп жүрген.
«Мен үйге оралуды тағатсыз күтудемін», - дейді Го Лэй.
Ол - елдің шығысындағы Шаньдун провинциясының тумасы.
«Уханьда сегіз жылдан бері тұрып жатырмын. Көктем мерекесі кезіндегі демалыста туыстарым қалаға келіп, маған қажетті заттарды жеткізуге көмектесті. Эпидемия салдарынан барлығымыз осында қалып қойдық», - дейді ол.
Айта кетейік, өткен жылы желтоқсан айының соңында Қытайда коронавирустың жаңа түрі тарай бастаған. Эпидемия басталған уақыттан бері 82 мыңнан астам адамға вирус жұққан. 3300-ден астам адам көз жұмған. Кейбір сарапшылар Пекин коронавирус жұқтырғандар саны мен көз жұмғандар санын төмендетіп көрсетеді деп санайды.
Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 1,5 млн адамға жетті. 81 мыңнан астам адам көз жұмды.