28 қыр, 2017 сағат 10:47

Угандада құрғақшылық: Адамдар құрбандыққа шалынып жатыр

Уганда билігі құрғақшылықтан адамдарды құрбандыққа шалу жағдайы көбейіп кеткенін айтып отыр, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz Fox News-қа сілтеме жасап.

Елде қыркүйек айында наным-сенім бойынша адам өлтірді деген күдікпен 44 адам ұсталған. Олардың бірі сегіз әйелді өлтіргенін мойындаған. "Мұның бәрі наным-сенімге байланысты жасалған делінеді. Қалған күдіктілерді қамап, бұл ырымды жою үшін барымызды саламыз", - деп атап өтті Уганда полициясының генерал-инспекторы Кейл Кайихура.

Адамды құрбандыққа шалумен және адам саудасымен күрес жөніндегі полиция басқармасының басшысы Мозес Бинога 2016 жылы дуагерлердің жеті баланы құрбандыққа шалғанын мәлімдеді. 2015 жылы жеті бала мен алты ересек адам наным-сенім құрбаны болған. 

Lenta.ru мәліметінше, құрбандыққа шалу кезінде адамның мүшелерін тірідей кесіп, қанын сорып алады екен. Шығыс Африка жарты ғасырда болмаған құрғақшылықты бастан кешіріп отыр. Соның кесірінен Уганданың 1,6 миллион тұрғыны ашаршылыққа тап болуы мүмкін.