18 мау, 2019 сағат 09:39

Мамин: ҰБТ жүргізуге дайындық 100% қамтамасыз етілуі тиіс

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Биыл Қазақстанда ЖОО-ларға түсуге ниет етушілер саны 117 мыңнан асады. Білім беру грантын алуға және мемлекет есебінен білім алуға үміттенушілер үшін биыл тестілеу 20 маусымда басталады.

ҚР Үкіметінің басшысы өңірлердің әкімдеріне оқушылардың ҰБТ-ға қатысуын ұйымдастыру мәселесін бақылауға алуды тапсырды.

«2017 жылдан бері тестілеу еркін түрде және жоғарғы оқу орындарына түсетіндер үшін ғана өткізіліп келеді. Биыл мұндай түлектердің саны 117 мыңнан асатынын көріп отырмыз. Білім және ғылым министрі атап өткендей, университеттердің ақылы бөліміне түсуге ниет білдіргендер үшін ҰБТ өткізілді. Ал 26 маусымнан бастап білім беру грантын мемлекет есебінен оқығысы келетіндер үшін тестілеу басталады. ҰБТ өткізуге дайындықты толығымен қамтамасыз ету керек. БҒМ міндеті - тестілеу өткізілетін барлық орынның жұмысын нақты үйлестіру. Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге ҰБТ тапсыруды қамтамасыз ету барлық шараларды қабылдауы тиіс. Талапкерлерді тексеруді әдептілікпен жедел жүргізу қажет. ҰБТ өткізуге дайындық 100% қамтамасыз етілуі керек», - деді Асқар Ұзақбайұлы.