30 қыр, 2025 сағат 14:53

Уақытпен үндескен ойлар: Дидахмет Әшімханұлына 75 жыл

 

Фото:  Ерсұлтан Орынбай


Алматыдағы Ұлттық кітапхана мен «Ел‑шежіре» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен аса көрнекті жазушы, аудармашы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Дидахмет Әшімханұлының туғанына 75 жыл толуына орай «Ұшқыр ойлы, дара Дидахмет» атты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Ult.kz тілшісі.

 

Сонымен бірге, оның публицистикалық шығармаларын қамтыған екі томдық жинақтың тұсаукесері ұйымдастырылды.

 


 Фото:  Ерсұлтан Орынбай


Қаламгер әдебиет пен журналистика саласындағы мол мұрасымен ғана емес, қоғамдық пікірге белсенді ықпал жасаған публицист ретінде де танылды. Мерейтой аясында автордың соңғы қырық жылда газет‑журналдар бетінде жарық көрген мақалалары мен сұқбаттары алғаш рет екі томдық жинаққа енгізіліп, оқырман назарына ұсынылды. Бұл кітап – ұлтымыздың тілі, діні, жері мен салт‑дәстүріне арнаған қаламгердің аса маңызды еңбектері жинағы ретінде қазақ қоғамының бүгінгі шежіресіне айналады.

 


Фото:  Ерсұлтан Орынбай

 Кеш барысында мерейтой құрметіне жарияланған суретшілер байқауының үздік туындылары да көрмеге қойылды. Жиынды ақын-жазушылар, әдебиетші ғалымдар мен оқырмандар қатысты.

 

Қос томдық туралы қысқаша

 

«Дидахмет Әшімханұлы. Публицистикалық шығармалары» атты жаңа жинақ  автордың газет пен журналдарда жарық көрген ең таңдаулы мақалалары мен сұхбаттарының алғашқы рет жүйеге келтірілген нұсқасы. Жинақты журналист, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық‑саяси журналының бас редакторының орынбасары Дина Имамбай құрап, баспаға әзірледі.

 

Көрнекті жазушы, публицист, қоғам қайраткері Дидахмет Әшімханұлының шығармашылық мұрасы қазақ руханиятында ерекше орын алады. Оның әдебиет пен журналистика саласындағы ұлтқа қызмет еткен еңбегі кейінгі буын үшін өлшеусіз өнеге. Сол буынның бірі – журналист Дина Имамбай.

 

«Мен Дидахмет ағамен тікелей бірге жұмыс істемесем де, ол кісіні әрдайым ұстаз тұтамын. Бір кездері «Түркістан» газетіне мақала апарғанымда, «Мақаланы бұлай емес, былай жазады» деп, бағыт-бағдар берген еді. Кейінірек баспалар үйінде жұмыс істеп жүргенде, ағамыздың әдебиет пен ұлттық мәселелер жөніндегі тұшымды ойларын жиі тыңдайтынбыз.
2015–2016 жылдары Дидахмет ағамыз негізін қалаған «Ел-шежіре» қоғамдық қорында редактор болып еңбек еттім. Сол қордың бастамасымен ашылған til-audit.kz сайтына редактор болғаным да – сол кісінің идеяларымен келген жолым деп білемін.
2024 жылы жазушының ұлы Дәулет Дидахметұлы әкесінің 75 жылдығына орай публицистикалық еңбектерін жинақтап, кітап етіп шығаруға ұсыныс айтты. Бұл бастама бірден қолдау тапты.
Бұған дейін ағамыздың газет-журналдарда жарық көрген мақалалары жеке жинақ болып шықпаған екен. Ал Дидахмет аға өте ұқыпты адам болған. Қай газетке қандай мақаласы шықты, қай күні, қандай нөмірде – бәрін папкалап жинап отырыпты, – дейді Дина Имамбай.

 


Жинаққа 1970 жылдардан бастап «Қазақ әдебиеті», «Түркістан», «Заман Қазақстан» секілді басылымдарда жарияланған публицистикалық мақалалары, сұқбаттары, сараптамалық зерттеулері мен рецензиялары енді. Жинақтың көлемі бір томмен шектелмей, ақыры екі том болып жарық көрген.

 

«Дидахмет Әшімханұлы – ұлт руханияты мен идеология саласында аса өткір, маңызды мәселелерді көтере білген тұлға. Оның мақалаларынан тіл тағдыры, ұлттық діл, салт-дәстүр, мемлекеттік идеология сияқты тақырыптар айқын көрініс табады.
Әсіресе 1990 жылдардағы діни ағымдар мен идеологиялық дағдарыс кезінде ағамыз терең ойлы мақалаларымен қоғамға жол көрсетіп отырды. Әрбір мақаласы – нақты бір проблеманың терең тамырына үңілген сараптама. Сонымен бірге ол кісі мақаланың көркем тіліне де үлкен мән беретін. Жазу шеберлігімен, тақырып қою ерекшелігімен оқырманды бірден баурап алатын», – дейді жинақ редакторы Дина Имамбай.

 


Бұл жинақты журналистика факультеттерінің оқу бағдарламасына енгізуге әбден болады. Университет студенттері үшін дайын оқулық, тәжірибелік құрал десе де болады.

 

 

Фото:  Ерсұлтан Орынбай


Жинақ материалдары хронологиялық тәртіппен реттеліп, екі томға топтастырылған:

 

1-том – «Қазақ әдебиеті» газетінде 1976 жылдан 2014 жылға дейін жарық көрген мақалалар, сұқбаттар мен очерктер.
2-том – «Түркістан» газетінде 1991–2014 жылдары жарияланған материалдар.

 


Естелікке толы кеш

 

Жинақтың тұсаукесері Жазушылар одағында өтті. Жиынды Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізіп, жазушының рухани мұрасы туралы жылы естеліктер айтылды. Қаламдастары мен әріптестері — Кенжехан Матыжанов, Көлбай Адырбекұлы, Тынышбек Дайрабай секілді зиялы қауым өкілдері Дидахмет ағамыздың азаматтық позициясы, табандылығы мен шеберлігі туралы әсерлі пікірлерімен бөлісті. Қаламгердің балалық шағы мен жастық кезеңі туралы досы Әбдімүтәлі Әлібеков баяндады.

 

Кітапқа «Қазақ әдебиеті» және «Түркістан» газеттерінде жарияланған тың дүниелер енгізілді. Құлбек Ергөбек бастаған филология саласының көрнекті ғалымдары «алғысөз» бөлімінде қаламгердің публицистикасын жоғары бағалай отырып, оның шығармаларының әдеби және қоғамдық маңызын айрықша атап өткен.

 

Дидахмет Әшімханұлы: публицистикадағы із

 

Дидахмет Әшімханұлы – әдебиеттің ғана емес, қоғамдық пікірдің де қайратты өкілі. Оның журналистикадағы қызмет жолы – облыстық «Коммунизм туы» газетінен басталып, республикалық «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті», «Заман‑Қазақстан» және халықаралық «Түркістан» газеттерінде белсенді қызметімен жалғасты.


Қалай болғанда да, оның публицистикалық шығармашылығы төрт негізгі тақырыпқа арналады.

 

Атап айтқанда:


 

Тіл, жер, ұлттық болмыс, салт-дәстүр;
Қоғам мен саясат, әлеуметтік және экологиялық мәселелер;
Мәдениет пен білім салалары, тарихи-мәдени аспектілер;
Идеологиялық тұрғыда ойлану мен ұлттық сана.

 

Автор әр тақырыпқа қатысты мақалаларында нақты фактілерге сүйенеді, өз көзқарасын білдіруге батылдығы жеткілікті, мәтінінде терең талдау мен ойшыл тұжырым үстем болады. Сондықтан да оқырман оны ақпарат жеткізушіден гөрі пікір туғызушы, талдаушы ретінде көреді.


Екі томдық жинақта публицистика жанрының очерк, мақала, сұхбат, рецензия, журналистік зерттеу және сараптама түрлері қамтылған. Әрбір туынды  – оқиғаға бағытталған ой, оқырманға бағытталған үн.


Кітаптың тұсаукесерінде мұрагерлік, ұлттық сана мен журналистиканың қазіргі беталыстары жөнінде дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жазушының журналистік мектебінің мәні, публицистикадағы рөлі кеңінен талқыланды.

 

Ақбота Мұсабекқызы