Фото: azattyq.org. Кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде сақталған сирек кездесетін фотосуреттердің бірі.
Архив дегенде көз алдымызға ескі құжаттар мен сарғайған парақтар елестейтіні рас. Алайда бүгінгі архив – цифрлық технологиялармен жабдықталған, бейне, фото, дыбыс форматтарында жұмыс істейтін заманауи мекеме. Соның жарқын мысалы – Қазақстандағы жалғыз Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві.
Ұлттық жадының бейнелі көрінісі
80 жылдан аса тарихы бар Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде еліміздің тарихи кинохроникасы, фотосуреттері мен дыбыстық жазбалары сақталады. Қорда 300 мыңнан астам бірегей құжат бар. Архив тек материалды сақтап қана қоймай, оларды зерттеушілер, киногерлер, журналистер, блогерлер мен шетелдік мамандардың игілігіне ұсынады.
«Біз ұлттың тарихи жадысын тек қағазбен емес, дыбыс пен бейне арқылы да сақтауымыз керек. Бұл – тірі тарих», – дейді архив директоры Ілияс Ысқақов.
2000 жылдан бері мұндағы құжаттар цифрлық форматқа көшіріліп келеді. Бүгінге дейін архив қорының 60 пайызы цифрланған. Бірақ бұл бағытта әлі де шешімін таппаған мәселе көп.
Цифрландыру – оңай шаруа емес
Қазіргі заманда HD және 4K форматтарға көшу – уақыт талабы. Алайда архивтің техникалық мүмкіндігі бұл үдеріске толық дайын емес:
Заманауи серверлер мен резервтік қуат көздері жеткіліксіз;
Кеңістіктің тарлығы – негізгі мәселе;
Цифрланған материал сапасын жоғалтып отырады, ал пленка 100 жылға дейін сақталады.
Фото: Ілияс Ысқақовтың жеке мұрағатынан
«Цифрлық көшірмелердің сапасы әр көшіру сайын нашарлайды. Ал кинопленканы дұрыс жағдайда сақтасаңыз, ғасырдан астам уақыт қызмет етеді», – дейді архив басшысы.
Жасанды интеллект архивке қалай көмектеседі?
Архив жұмысына жаңа технологиялар – әсіресе жасанды интеллект элементтері еніп жатыр. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалған:
Бейнежазбалардан автоматты субтитр жасау;
Сөйлеуді мәтінге айналдыру;
Бейнедегі тұлғаларды тану.
Келешекте жасанды интеллект бейнежазба кім туралы екенін өзі анықтап, қысқаша сипаттама жазатындай деңгейге жетуі мүмкін. Бірақ бұл үшін жоғары деңгейлі IT мамандар қажет, ал олар әзірге тапшы.
Материал қайдан келеді?
Тәуелсіздік жылдарындағы бейне және дыбыс жазбалары архивке аз тапсырылған. Себебі – телеарналар мен БАҚ тарапынан мұндай міндеттеменің болмауы. Архив қызметкерлері қажетті материалдарды өздері іздеп, мекемелермен жеке келіссөз жүргізуге мәжбүр.
«Кеңес заманында мұндай құжаттарды тапсыру міндетті болса, қазір мекемелерден өз еркімен беруді күтуге тура келеді», – дейді Ілияс Ысқақов.
Бүгінде М.Әуезов театры, Абай атындағы опера және балет театры, Жазушылар мен Суретшілер одағы, «Қазақфильм» секілді ұйымдармен әріптестік орнаған. Қазақ радиосының алтын қорынан 22 мың жазба алынған. Бірақ қалған 80 мың жазбаны алу үшін – жаңа қойма мен техника қажет.
Архив ұжымы тек ел ішінде ғана емес, шетел архивтерімен де жұмыс істеп келеді. Германиядан 1896 жылғы Дудин мен Багаевтың фотосуреттері алынған. Ресей, Моңғолия, Армения, Беларусь, АҚШ архивтерімен де байланыс орнатылып жатыр. АҚШ Конгресінің кітапханасымен бірлескен жоба қолға алынған.
Болашаққа жол ашқан стратегия
2026–2036 жылдарға арналған даму стратегиясында архив қызметін жаңғыртуға басымдық берілген. Бес негізгі бағыт айқындалған:
Халықаралық стандартқа сай жаңа ғимарат салу;
Қауіпсіз серверлік инфрақұрылым орнату;
Роботтандырылған архив жүйесін енгізу;
Жасанды интеллект пен мультимедиа бағыттарын дамыту;
Кадрлық әлеуетті арттыру – жалақы, жаңа мамандықтар, шетелдік тағылымдама.
Бүгінде архив – жай сақтаушы мекеме емес. Ол – тарих пен болашақты жалғайтын көпір. Ұлт жадысының көрінісін жаңа технологиямен сөйлетіп, келешек ұрпаққа жеткізу – елдік міндет.
«Біз тек өткенді сақтамаймыз. Оны жаңа буынға түсінікті тілде жеткізуіміз керек. Архив – өткеннің айнасы ғана емес, болашақпен сөйлесе алатын тірі жүйе болуы тиіс», – дейді Ілияс Ысқақов.
Ақбота Мұсабекқызы
