Фото: kino.kz
Қазір елімізде кино өндірісінің қарқыны қатты екені баршаға белгілі. Кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің тең жартысы отандық десек қателеспейміз. Соңғы жылдары жаппай кино түсіру сәнге айналғандай бола бастағанына біреу наразы болса, біреулер құп көреді. «Отандық фильмдердің саны көп, сапасы аз екені рас. Бірақ дегенмен, бұл да дамудың белгісі» деп отыр жаңадан шыққан фильмнің қоюшы режиссері.
«Селфи с прездками» атты балаларға арналған хоррор-фэнтези, яғни қорқынышты қиял-ғажайып фильмінің 2 желтоқсанда жабық көрсетілімі өтіп, үлкен экранға 5 желтоқсанда жол тартпақ. Кино авторлары бұл балаларға арналған фэнтези жанырындағы фильмдердің алғашқыларының бірі, бұндай жанрда елімізде фильм аз түсіріледі деп отыр.
Фильмнің қоюшы режиссері Еламан Шалбанов балаларға арналған контент тапшылығын сөз етіп, балалар фильмін түсірудегі мақсатын айтты.
«Осы фильмді түсірудегі негізгі мақсатымыз идея тұрғысында емес, балаларға жақсы контент ұсыну болды. Себебі қазір жеткіншектеріміз шетелдің фильмдерін көріп, өзге елдің контентін тұтынады. Ал біз өз еліміздегі балаларды толғандыратын мәселелерді көтеріп, өз болмысымызды ашып көрсеткіміз келді», -дейді Еламан Шалбаев.
Фото: ult.kz
«Селфи с предками» фильмін 6 жастан бастап көруге ұсынылады екен. Киноға сценарийді 7 адам бірігіп жазған. «Сценарий жазу барысында балалармен де ақылдастық» деп отыр фильмнің қоюшы режиссері.
Фильмде қоғамды алаңдататын өзекті мәселелердің бірі балалар арасындағы әлімжеттік проблемасы көтеріледі.
«Кинода ата-ана мен баланың арасындағы қарым қатынасты барынша ашып жеткізуге тырыстық. Буллингтің түпкі себебі ата-ана мен баланың арасындағы қарым қатынаста жатады дейді мамандар. Әлімжеттік жасаушы да, оның құрбаны да ішкі жарақаты бар бала болуы мүмкін. Негізі әр баланың жүрегінде жылу бар, тек оны жаға алу керек, көре алу қажет», -дейді Еламан Шалбаев.
Еламан Шалбаев балалармен жұмыс істеу ұнағанын айтты.
«Біз актерларды іріктеу кезінде балалардың қабілетіне ғана емес, шыдамдылығына да мән бердік. Себебі толықметражды фильм түсіру ұзақ уақытты алатын жұмыс. Түсірілім барысында бала шыдамаса продакшнға да үлкен мәселе тудыруы мүмкін. Сондықтан барлығын алдын ала ойластырып алғандықтан ешқандай қиындық туындаған жоқ», -деді ол.
Фильмнің қоюшы режиссері мұндай отбасылық киноларға сұраныс көп екенін айтып, фильмнің жалғасын да түсіруге ниет етіп отырғандарын айтты.
Қазіргі кезде сынның астында қалып жатқан фильмдер де баршылық екенін және «Селфи с предками» киносы да көрермендердің сынына қалса не істемек екенін сұрағанымызда:
«Әрине ол дамуға демеу ғой. Егер біреу мына жерің дұрыс емес десе, өз тарапыңнан оны зерттеп, «шынымен дұрыс емес екен» деп көз жеткізуге болады. Біз бір орнында тұрған жоқпыз, әрқашан дамуға тырысамыз. Сондықтан ертең сын келіп жатса да оны қуана-қуана қабылдаймыз», -дейді Еламан Шалбаев.
Ал қазіргі кезде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша көбейіп кеткен отандық фильмдердің сапасына қатысты Еламан Шалбаев қандай ойда екенін сұрап, білдік.
«Біздің тәуелсіз еліміздің кинематографиясының дамып жатқаны енді ғана. Бізде кино саласының мамандарын оқытып жатқан университеттер де көп емес және индустрия да үлкен емес. Бізде Қазақстан халқы 50 - 100 млн. болып жатса ол басқа әңгіме болушы еді. Ал біз айналдырған 20 млн-ң ар жақ, бер жағындамыз, сондықтан даму қиын негізі. Отандық фильмдердің саны көп, сапасы аз екені рас. Бірақ дегенмен, бұл да дамудың белгісі. Уақыт өте сан – сапаға әкеледі», -дейді Еламан Шалбаев.
Балжан Жеңісқызы