Нұр-Сұлтан қаласы Төтенш жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Еркін Отарғалымұлы Ақорда маңы мен Д. Қонаев көшесінде болған өрт жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Кеше сағат 14:06-да 101 қызметіне Д. Қонаев көшесінің бойында терек мамығының өртенгені туралы хабар келіп түсті. Өрт сөндіру бөлімшелері сағат 14:13-те шақыру орнына келіп, 250 шаршы метр аумақта терек мамығы өртенгенін анықтады. Сағат 14:29-да өрт толығымен сөндірілді. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Өрт сөндіру бөлімшелерінің үйлесімді іс-қимылы арқылы от мемлекеттік меншік және шаруашылық жүргізу нысандарына өткен жоқ», - деді Е. Отарғалымұлы.
Оның айтуынша, терек мамығының өртену фактілерінің барлығы адамдардың отты абайсыз пайдалануынан болады. Кешегі жағдай да дәл сондай.
Айта кетейік, бір ғана 24 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру бөлімшелері терек мамығының жануына байланысты 53 рет өрт орындарына шықты.
