Фото: ұйымдастыушылардан
Алматыдағы облыстық орталық әмбебап кітапханасында «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне» орай «Кітапқа түскен туған өлке» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты ақын-жазушылардың мұрасы арқылы туған өлкенің мәдениеті мен тарихын, ұлттық болмысын ұрпақтан ұрпаққа насихаттау, деп хабарлайды Ult.kz.
Дөңгелек үстелде мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында Семей өңірінің көркем табиғатын, қазақ халқының тұрмысын, өмір салтын, әдет-ғұрпын шебер суреттеуі талқыланды. Сондай-ақ Ілияс Жансүгіровтің «Күй» поэмасы арқылы сол өңірдің тарихи оқиғалары, адамдардың мінез-құлқы мен өзара қатынастарын да көрсететінін, Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романынан туған жердің тарихын, оны сақтап қалу үшін күрескен халықтың рухын ұғынатынымыз, Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» шығармасында қазақ халқының отбасы қатынастары, жастардың арасында болатын махаббат пен өмір сүру құндылықтары көрініс табатыны баяндалды.
Ұйымдастырушылар шараның маңыздылығына тоқталып, қазіргідей қарбалас кезеңде оқушылардың тарихқа, ата-бабаларымыздың ғасырына кітаппен сапар шегу арқылы білімді ғана толықтырып қоймай, олардың қиял көкжиегін дамытатынын, қиялдың дамуы шексіз ойлауға, ал шексіз ойлай алу адамды кез келген салада мықты жетістіктерге жеткізетінін айтты. Осы орайда Мұхтар Махауиннің «Көшпенділер» трилогиясы желісімен түсірілген, Жетісу жері шебер көрсетілген «Қазақ хандығы: Алмас қылыш» киносы көрсетілді.
Кеш соңында кітапхананың «Әдебиет және өнер» бөлімінің қызметкері Әлия Боранбай:
«Бұл тек туған жердің табиғаты мен тарихын сипаттау емес, ол біздің рухани байлығымызды, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, болашақ ұрпаққа сол құндылықтарды жеткізудің бір жолы. Бүгінгі талқылау барысында әрқайсымыз туған өлкені танытуда сөз өнерінің рөлі қаншалықты маңызды екенін көрдік. Әдебиет арқылы біз өзіміздің ата-бабамыздың жүріп өткен жолдарын, олардың мәдениетін, тұрмысын және әлеуметтік жағдайларын тереңірек ұғынып, сол арқылы рухани бірлігімізді нығайтуға үлес қосамыз. Бүгінгі дөңгелек үстелімізде сөз болған қаламгерлердің шығармалары, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен жанқиярлық еңбегі біз үшін айрықша құнды. Сол себепті, келгендеріңізге алғыс білдіремін», – деді.