04 мау, 2019 сағат 12:52

Тұтынушы үшін 1 текше метр ауыз су құны 40 теңгеден аспауы тиіс - министр

ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елді мекендерді сумен қамту және су бұру мәселелері қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр ел бойынша 18,4 млн адамның 90,2%-ы немесе 16,5 млн адам орталықтандырылған сумен жабдықталғанын баяндады. Қалалардағы тұрмыс сапасын арттыру үшін биыл осы көрсеткішті 97%-ға дейін, ал 2023 жылы 100%-ға дейін арттыру жоспарланған.

Ауылдарда орталықтандырылған сумен 6,5 млн адам немесе 84%-дан астамы қамтылған. Бұл ретте, басқа ауылдар ауыз су үшін жергілікті су көздерін пайдаланады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылы көрсеткішті 88%-ға дейін жеткізуді және 2023 жылы халықтың 100%-ын тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

«Халқының саны 200 адамнан аз шағын ауылдарды санитарлық нормаларға сәйкес келетін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында суды тазартатын кешенді блок-модульдер орнату жоспарланған, бұл 1333 ауылды сумен қамтуға мүмкіндік береді. Ал тұрғындары 200 адамнан көп 1 274 ауыл орталықтандырылған сумен қамтылатын болады. Осылайша, 2 607 ауылда тұратын 1,2 млн адам санитарлық нормаларға сай келетін сумен қамту қызметімен қамтамасыз етіледі», — деді Р. Скляр.

Биылғы сәуір айында өткен экологиялық мәселелер жөніндегі Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев қалалардағы кәріздік тазарту жүйелерін жаңғыртуды тапсырған болатын.

Р. Склярдың айтуынша, осы міндетті орындау үшін ҚР ИИДМ кәріздік тазарту қондырғыларын салуға бюджеттен тыс қаражат тарту тетігін әзірледі.

«Біз сарқынды суларды тазарту нормативтерін еуропалық стандарттарға сәйкес келтіруді ұсынамыз. Сарапшылардың пікірі бойынша, бұл күрделі шығындарды 30%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Биогаз өндіру және тұнбаны қайта өңдеу мүмкіндігі бар энергиятиімді технологиялар енгізілетін болады. Сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыруда тұрғындарға салмақ түсірмеу мақсатында тарифтерді субсидиялаған дұрыс. Бұл қалалардағы кәріз-тазарту жүйелерін жаңғыртуды үш жылда іске асыруға мүмкіндік береді», — деді Р. Скляр.

Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров өз кезегінде Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде топтық су құбырларын пайдалану, салу және реконструкциялау «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жүктелгенін баяндады, бұл кәсіпорын теңгерімінде ұзындығы 12 мың шақырымнан асатын 33 топтық су құбыры бар.

2011-2018 жылдары 1035 км желі салынып, 1441 км желі реконструкцияланды, бұл 49 объектіні пайдалануға беруге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде халық саны 553 мың адамды құрайтын 268 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жағдай жақсартылды.

«Жалпы топтық су құбырларындағы желілердің тозу деңгейі 75%-дан 56%-ға дейін қысқарды», — деді С. Омаров. Бүгінде 2281 ки желіні реконструкциялау қажет.

Биыл топтық су құбырлары бойынша 12 жобаны іске асыруға 14,6 млрд теңге бөлінді, оның ішінде жыл соңына қарай 8 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде 1185 км желі салынып, реконструкцияланып, жалпы халық саны 126,8 мың адамды құрайтын 68 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жақсартылады.

Бұдан өзге, тапсырыс берушінің барлық топтық су құбырларын және олармен жалғасқан ауылдардағы кент ішіндегі желілерді салу мен реконструкциялау функциясын Бірыңғай операторға бекітіп беріледі.

Соның нәтижесінде суды жеткізу оны топтық су құбырларынан субсидияланған тарифпен сатып алып, халыққа үстеме құнмен сататын делдалдарды болдырмай, сумен жабдықтау көзінен бастап түпкілікті тұтынушыға дейін көрсетілетін болады.

Отырыс барысында министр сумен жабдықтау мен су бұру секторында пысықтауды қажет ететін проблемаларды атады.

«Біріншіден, бұл - коммуналдық кәсіпорындар теңгеріміндегі сумен жабдықтау мен су бұру оқшау жүйелерінің тиісінше пайдаланылып, күтіп ұсталмауы. Аталған проблема олардың тез тозуына алып келеді. Қазіргі заманғы тәжірибе сумен жабдықтау және су бұру секторына салынған инвестициялар халыққа көрсетілетін қызметтердің тұрақтылығымен қамтамасыз етілуі тиіс екенін көрсетеді. Өз кезегінде, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін тек сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерін реконструкциялау немесе жаңаларын салу жеткіліксіз, олардың тиісінше пайдаланылуын қамтамасыз ету қажет. Пайдаланушы ұйымдардың ұйымдастырушылық, басқарушылық, техникалық және қаржылық әлеуетін де ұлғайту керек», - деді ол.

Оның айтуынша, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының базасында кент ішіндегі желілермен бірге барлық топтық су құбырларын пайдаланатын Бірыңғай оператордың жұмыс істеуі бұл мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік бермек. Ол үшін коммуналдық меншіктегі осы нысандарды кезең-кезеңімен бірыңғай операторға беру қажет болады.

«Бірінші кезеңде әкімдіктер теңгерімінде тұрған 323 ауылдағы республикалық топтық су құбырына жалғасқан кент ішіндегі желілер беріледі. Екінші кезеңде 171 ауылдағы кент ішіндегі желілермен бірге қалған 33 топтық су құбыры беріледі деп жоспарланған. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, ауылдарда сумен жабдықтау мен су бұру бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру секторын дамытуға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Мұнан басқа, қызметтер суды топтық су құбырларынан субсидияланған тарифпен сатып алып, халыққа үстеме құнмен сататын делдалдарды болдырмай, сумен жабдықтау көзінен бастап түпкілікті тұтынушыға дейін көрсетіледі», - деді С.Омаров.

Министр субсидиялау қағидаларына сәйкес түпкілікті тұтынушы үшін 1 текше метр ауыз су құны суды есепке алу аспаптары болса, 30 теңгеден, олар болмаса, 40 теңгеден аспауы тиіс екенін баса айтты.

«Сумен жабдықтау мен су бұрудың оқшау жүйелерін пайдалануды жергілікті атқарушы органдар мен жеке ұйымдардың қарамағына қалдырған жөн», - деді ол.