15 мам, 2023 сағат 12:38

Тұрмыстық зорлық-зомбылық істері полицияға арыз түспесе де қозғалады

Фото: © Sputnik / Тимур Батыршин

Полиция қызметкерлері 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының жазбаша арызын күтпей, өз бетінше әкімшілік істер қозғай бастайды. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Руслан Қаржаспеков айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

"1 шілдеден бастап полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтау сипатына көшеді. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау дерегі бойынша. Хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камераларының жазбалары мен бейнетіркегіш жеткілікті болады. Соңғы шешімді сот шығарады. Тараптардың татуласу мүмкіндігі жоққа шығарылды", - деді Руслан Қаржаспеков Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, қазір отбасылық зорлық-зомбылық бойынша материалдардың жартысы тараптардың татуласуына байланысты сотта тоқтатылады.

"Бұл агрессордың немесе туыстарының көндіру немесе қысым көрсетуі нәтижесінде болады. Мысалы, жыл басынан бері осы негіздер бойынша 5 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі тоқтатылды. Енді 1 шілдеден бастап татуласуға мүмкіндік тек бір рет, сотта болады", - деп қосты Қаржаспеков.