06 қаз, 2025 сағат 10:34

Түрколог ғалым Шәкір Ибраев Ахмет Ясауи университетінің кітапханасына 3000 кітап сыйлады

Фото: ҚР ҒЖБМ

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымы, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраев оқу ордасының кітапханасына 3000 кітап қорын тарту етті, деп хабарлайды Ult.kz.

Шәкір Ибраев – «Парасат» орденінің иегері, Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, түркология ғылымына зор үлес қосқан тұлға.

Биыл ғалымның 75 жылдық мерейтойына орай университетте «Түркология және Шәкір Ибраев зерттеулері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара ХІ Түркология конгресі аясында ұйымдастырылды.

Ғалымның айтуынша, кітапханаға сыйға тартылған қорда оның жеке еңбектерімен қатар, өмір бойы жинаған және өзге ғалымдардан сыйға алған қолтаңбалы кітаптар бар. Кітаптар қазақ, түрік, әзірбайжан, өзбек, қырғыз, башқұрт, ұйғыр, татар, араб, тува және басқа да тілдерде жазылған.

Фото: ҚР ҒЖБМ

Қорда энциклопедиялар, сөздіктер, философия, фольклор, тілтану, әдебиеттану, өнер және тарих салаларына қатысты еңбектермен қатар, 1937, 1938 және 1940 жылдары шыққан сирек басылымдар – «Қазақ совет әдебиеті», «Әдебиет хрестоматиясы» сияқты құнды кітаптар бар.

Кітапхана қызметкерлері 3000 кітапты сұрыптап, арнайы базаға енгізіп, оқырмандарға қолжетімді етті. Қазір студенттер мен оқытушылар бұл еңбектерді пайдалана бастады.

Бұл құнды кітап қоры – ғалымның келешек ұрпаққа, жас зерттеушілерге қалдырған рухани мұрасы.
Шәкір Ибраев өз сөзінде бұл бастаманың мақсаты – біліммен бөлісу, жас буынды ғылымға баулу және түркология саласының дамуына үлес қосу екенін атап өтті.