20 ақп, 2023 сағат 18:03

Түркиядағы апат аймағынан 78 отандасымыз оралды - Смадияров

Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Астанада өткен брифингіде Түркияда зардап шеккендер бойынша соңғы мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне және шет елдердегі мекемелеріне ҚР азаматтарынан 1200-ден астам өтініш келіп түсті. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде жер сілкінісі кезінде апат аймағында қалып қойған 190-нан астам отандасымыздың орналасқан жері анықталды.

Қираған инфрақұрылымды, апатты жағдайды және тұрғын үйлердің толық бұзылуын ескере отырып, біздің дипломаттардың көмегімен отандастарымызды қауіпсіз жерлерге (Анкара және Стамбул қалаларда) жеткізу үшін автобустар ұйымдастырылды, оларға тамақ және баспана берілді. Қаражаты жоқ кейбір азаматтарға Қазақстанға дейін әуе билеттерін сатып алуға жәрдем көрсетілді" - деді СІМ баспасөз хатшысы.


Оның сөзінше, отанына оралуға ниет білдірген 78 азаматымыз апат аудандарынан гуманитарлық әуе кемелерімен Астана және Алматы қалаларына жеткізілген.

"Осы борттармен Қазақстанға 24 Қырғызстан азаматы және елге оралған отандастарымыздың отбасы мүшелері болып табылатын 5 Түркия азаматы жеткізілді. Олар министрлік және жергілікті әкімдіктердің көмегімен көлікпен қамтамасыз етілді, сондай-ақ баспанаға мұқтаж азаматтар Алматы және Астанадағы қонақ үйлерге орналастырылды.

2023 жылғы 8 ақпанда Түркия құтқарушылары іздеу жұмыстарының нәтижесінде Хатай провинциясының Антакья қаласында Қазақстан азаматы Сабина Мамадьярованы қираған үйдің астынан тауып, шұғыл түрде Адана қаласындағы «Ceyhan» ауруханасына жеткізді. Өздеріңіз білетіндей, оның зақымдалған қолына операция жасалды. Біздің Анталиядағы Бас консулымыз оған жеке барып қайтып, дәрігерімен сөйлесті. Қазір ол әлі дәрігерлердің бақылауында, жанында туыстары бар" - деді Айбек Смадияров.

Сонымен қатар, қаза тапқан отандастарымыздың туыстарына мәйіттерді елге жеткізуге көмек көрсетілген.

"Бүгінгі таңда Түркияда жер сілкінісі салдарынан жоғалған ҚР азаматтары туралы қосымша ақпарат келіп түскен жоқ. Дегенмен дипломаттарымыз жергілікті билікпен байланыста және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің тізімдерін мұқият тексеріп келеді" - деп түйіндеді СІМ ресми өкілі.