Түркияның батысында болған зілзала құрбандарының саны 115 адамға жетті, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.
Бұл туралы Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасы (AFAD) ресми мәлімет таратты.
Ведомствоның ақпаратына сенсек, 30 қазандағы жер сілкінісінен кейін жалпы саны 2846 афтершок тіркелген. Оның ішінде 46 жағдайда жерасты дүмпуінің магнитудасы 4 балдан асқан.
Зілзала салдарынан 115 адам қаза болып, 1 035 адам жарақат алған. Оның шінде 1011 тұрғын медициналық көмек көрсетілген соң үйіне жіберілген, 23 адам емделіп жатыр.
Измирдегі қираған ғимараттардың бәрінде іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды.
Еске сала кетейік, 30 қазанда Измир провинциясы Эгей теңізінің жағалауында магнитудасы 6,9 балдық жер сілкінісі болған еді.