04 қар, 2020 сағат 12:55

Түркияның жер сілкінген аймағында құтқару жұмыстары аяқталды

Түркияның көлемі жағынан үшінші орында тұрған Измир қаласында болған жер сілкінісі салдарынан 114 адам қаза тапты, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.

Магнитудасы 6.9 жер сілкінісі салдарынан опырылып құлаған тұрғын үйлердің қирандылары орнында іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды. 

Бұл туралы сәрсенбі күні Twitter парақшасында Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасының басшысы Мехмет Гюллюоғлы мәлім етті. 

«Іздеу-құтқару командалары жұмысын аяқтады. Адамдарды құтқаруға үлесін қосқан әрбір құтқарушы мен еріктіге алғыс айтамыз», - деп жазды Гюллюоғлы. 

Түрік билігінің мәліметінше, зілзала аймағында зардап шеккен 1035 адамның ішінде 898 адам ауруханадан шығарылды, Измирдің тағы 137 тұрғыны ем қабылдап жатыр. 

30 қазанда болған жер сілкінісінен кейін Түркияның батысында 1713 афтершок тіркелген, бұл ретте 45 оқиғада жерасты дүмпулердің магнитудасы 4 балдан жоғары болған.