Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы мен Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің әріптестігі аясында облыстардың тарихи-өлкетану музей мамандары іс-тәжірибе алмасуға Түркияға барады.
Сапарға Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі мен мәдени мұра және музейлер басқармасы жетекшілік етеді.
19-23 қараша күндеріне жоспарланған іс-тәжірибе алмасу сапарында қазақстандық делегация Анкара, Адана, Мерсин, Ыстамбұл қалаларында болады. Сапар аясында музей қызметкерлері Түркиядағы Музейлердің дамуы және дамып келе жатқан музейлер туралы ақпарат алып қана қоймай, музейдегі еңбектерді сақтау және музей көріністерінің жұмыстарын дайындау тәсілімен де егжей-тегжейлі танысады, сондай-ақ музей басқару, музей қызметкерлерін оқытудың технологиясын, қыр-сырын игереді.
Астана, Алматы қаласы, Қарағанды, Маңғыстау, Ақмола, Атырау, Павлодар, Алматы облыстарының тарихи-өлкетану мамандары қатысатын іс-тәжірибе аясында Түркияда Музейдің дамуы және дамып келе жатқан музейлер туралы археолог доктор Сонер Әтешұллары, Түркия музейлеріндегі оқыту тренингтері туралы Анкара университеті профессоры Айше Чакир Илхан, Музейлердегі еңбектерді сақтау және музей көріністерінің жұмыстарын дайындау туралы Ресторатор-археолог-Ілкай Ивгин дәріс оқыса, Музей Ұлттық инвентаризация жүйесінің жобасын (MUES) жетекшісі Хакан Аайгын таныстырады.Екі жақты кездесулер аясында Қазақстан музейшілері Анкарадағы Анадолы өркениеттер музейін, Анкара этнографиялық музейін, емес музей Ататүріктің мавзолейі Антқабірді аралайды. Адана музейіне де бас сұғып, Құрылысты қалпына келтіру жұмыстарының екінші кезеңімен танысады. Әрі, Жерорта теңізі жағалауындағы Мерсин қаласында да болып, музейін, тарихы 2500 жылға созылған әйгілі Қызқорғаны – Қызкалесін тамашалайды.
Сондай-ақ Ыстамбұлдың әйгілі тарихи ауданы Фатихта мыңжылдықтардың мұрасы Аясофия музейін, Османлы мәдениетінің жауһары Сұлтанахмет мешітін, Топкапы сарайын көреді. Сапарды Ыстамбұл Археология музейлерін, музей және түрік ислам өнерінің музейін аралаумен тамамдайды.
Музей қызметкерлерімен қоса мамандар, музейтанушылардан құралатын делегация елге қайтқан соң өңірлерде өлкетану іс-тәжірибесі турасында семинар-тренингтер өткізеді.
Еске сала кететін болсақ, жыл басында Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында «Туған жер» жобасын одан әрі жүзеге асыру аясында Қазақстанда Өлкетануды дамытудың арнайы тұжырымдамасы әзірленетіні туралы айтылған еді.