04 мау, 2019 сағат 12:06

Түркістанда "теріс діни ағым өкілдері" ұсталды

3 маусымда Түркістан облыстық полиция департаменті шаһардағы базарлардың бірінде деструктивті діни ағым өкілдері ұсталғанын хабарлады, деп жазады Азаттық.

Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың айтуынша, департаменттің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен арнайы жасақ үш күдіктіні қаладағы базарлардың бірінен ұялы телефондарды алып-сататын және жөндейтін орыннан ұстаған.

"Олар ұрланған ұялы телефондарға арнайы деструктивті ағымды насихаттайтын мәліметтерді жүктеп, сатқан" дейді Қаракөзова.

Күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру" бабымен іс қозғалған. Олар уақытша қамауға алынған. Айғақты заттар алынып, бірнеше сараптама тағайындалған.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан діни наным-сенімге көп шектеу қояды деп сынайды. АҚШ-тың діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Халықаралық діни бостандық жайлы 2018 жылға арналған есебінде "Қазақстан үкіметі исламның суннит ағымын, ханафи мазхабын қолдайды. Ал исламның басқа ағымдарына күдікпен қарайды" деп жазды.