10 қаң, 2020 сағат 10:15

Түркістанда баласын байлап тастаған ананың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Түркістан облысының Полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған кішкентай бала байлаулы отырған видеоға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлеуметтік желіде кішкентай бүлдіршін бөлменің ортасында байлаулы отырған видео тарап жатыр. Көріністен әйел адамдардың ұрыс-керісін, «баланы бұлайша қорлауға бола ма?» деген сөздерді естуге болады. Видеоны баланы көруге келген әкесі түсірген.

Белгілі болғандай, ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен соң, бала анасымен қалған. Ал, перзентін көруге келген әкесі бұрынғы әйелі бүлдіршіннің аузын тұмшалап, тіпті қимыл-қозғалысын шектеп тастағанын көреді.

Оқиғаға байланысты бүгін Түркістан облыстық Полиция департаменті ресми ақпарат таратты. Тәртіп сақшыларының сөзінше, бұл жағдай Сарыағаш ауданында болған. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

«Бұл жайт биылғы 8 қаңтарда Сарыағаш аудандық полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Арызда жергілікті тұрғын азаматтық некеде болған бұрынғы әйелі 2017 жылы туған ұлына қысым көрсеткеніне шағымданған. Сондай-ақ, Сарыағаш АПБ қызметкерлері ҚР ҚК-нің 140-бабы «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша іс қозғады. Тергеп-тексеру барысында оқиғаның толық мән-жайы мен кінәлілер анықталатын болады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда», - делінген хабарламада.