Фото: ашық дереккөз
Түркістан облысында туған әкесін ұрып-соққан 41 жастағы Алмас Садақбаевтың бас бостандығынан айыру жазасы 5 жылдан 6 жылға ұзартылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жетісай ауданында алғашқы сот Алмасқа әкесіне жүйелі түрде зорлық көрсеткені үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған болатын. Алайда Шардара аудандық прокуратурасы бұл жазаны жеңіл деп бағалап, апелляциялық шағым түсірді.
Сот алқасы істі қараған соң қылмыстың ауырлығын және қоғамдық қауіптілігін ескеріп, жазаны күшейту туралы шешім қабылдады.
– «Алдыңғы берілген жаза қылмыстың ауырлығына сәйкес келмейді» деген қорытындыға сүйене отырып, сот бас бостандығынан айыру мерзімін ұзартты, – деп хабарлады сот.
Тергеу мәліметтері бойынша, Алмас Садақбаев ұзақ уақыт бойы қарт әкесін ұрып-соққан және азаптаған. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Қария қайтыс болғаннан кейін оның мәйітіне эксгумация жасалып, сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс Шардара аудандық сотына жолданған. Бұған дейін прокурор сотталушыға 6 жыл 2 ай жаза сұраған болатын.
Түпкілікті қаулы заңды күшіне енді.
