01 сәу, 2026 сағат 17:29

Ермұрат Бапи: Әлеуметтік желідегі жалған діндарлар қоғамға қауіп төндіруде


Фото: Е. Бапидың жеке архиві
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асылов атына депутаттық сауал жолдап, интернет кеңістігінде белсенді әрекет етіп жүрген псевдодіни тұлғалардың қоғамға төндіріп отырған қаупін көтерді, деп хабарлайды Ult.kz.

Депутат өз сауалында бұл мәселе алғашында жекелеген азаматтардың пікірі сияқты көрінгенімен, шын мәнінде қоғамдық тұрақтылыққа, ұлттық мәдени бірегейлікке және ақпараттық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіретінін атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде дінді жамылып, халық санасына ықпал етуге тырысатын «псевдодіни авторитеттер» көбейген.

Ермұрат Бапи соңғы уақытта қоғамда резонанс тудырған оқиғаны мысалға келтірді. 

"Турасын қаймықпай айтқанда, дүмше догманы тықпалаған бұл қарабайыр діндарлар біздің ұлттық ұстанымды ірітіп, мемлекетіміз бен қоғамның тағанын теңселтуде. Соңғы аптада біз бірер осындай даңғаза дабыраның куәсі болдық. Интернет подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ әлдебір “имам-сымақ” үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне “сыйға тартқанын” жайбарақат жария етті.
Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қаса-қана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек!
Адам түгілі, хайуанға жанашырлық танытуды дәріптейтін дін өкілі өз әйелін хайуаннан бетер етіп, ашық сыйға беруі – қоғамдық жазғыруға пара-пар қылмыс саналуы тиіс!" - деді депутат.


Сонымен қатар, депутат бұл жағдайды жария еткен журналист Жанар Байсемізова кәсіби этика талаптарын сақтамады деп сынға алды. Ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін хайп қуудан гөрі қоғамдық жауапкершілікті жоғары қоюға шақырды.

Депутат тағы бір мысал ретінде әлеуметтік желілерде Наурыз мейрамын «исламға жат» деп сипаттаған пікірлердің таралуын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай көзқарастар қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүріне, мәдениетіне және ұлттық болмысына күмән келтіреді.

Ермұрат Бапи қазіргі таңда теріс діни насихаттың, әсіресе жастар арасында кең таралып бара жатқанын ерекше алаңдаушылықпен жеткізді. Ол әлеуметтік желілердегі бақылаусыз контент жас буынның дүниетанымына кері әсер етіп, оларды дәстүрлі құндылықтардан алыстатуы мүмкін екенін ескертті.

Осыған байланысты депутат әкімшілік шаралармен шектелу жеткіліксіз екенін айтып, діни араздықты қоздыру және радикалды көзқарастарды насихаттау фактілері бойынша қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді ұсынды. Оның пікірінше, мұндай нормаларды Парламент деңгейінде талқылау қажет.

Сондай-ақ депутат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысына да тоқталып, ресми діни институттардың ақпараттық кеңістікте белсенді болуы тиіс екенін айтты. Ол діни басқарма өкілдерін қоғамда туындап жатқан даулы мәселелерге дер кезінде үн қатып, түсіндіру жұмыстарын күшейтуге шақырды.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда жастардың діни танымы мешіттен гөрі әлеуметтік желілер арқылы қалыптасып жатыр. Егер бұл кеңістікте ресми әрі сенімді ақпарат жеткіліксіз болса, оның орнын радикалды және қауіпті идеялар басуы мүмкін.

"Бүгінде өзінің сандырағын ресми ислам мен шариғаттың нормасына айналдырған, діни білімі кенде, діни статусы күдікті дүмшелер  әлеуметтік желілерде өріп жүр. Олар қоғамды радикалдық ой-әрекетке жетелеп, елдегі мұсылман қауымы арасына іріткі салып, біздің халық ежелден табынатын дәстүрлі исламның діни қағидаларын бұрмалауда", - деді ол.


Ермұрат Бапи сөз соңында ұлттық құндылықтар мен зайырлы мемлекет қағидаттарын қорғау – басты міндеттердің бірі екенін атап өтіп, бұл бағытта жүйелі әрі қатаң шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.