09 жел, 2022 сағат 13:17

Түркістанда жүргізуші жаяу жүргіншілерді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен


Түркістанда жүргізуші жаяу жүргіншілерді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлердің анықтауынша, Түркістан қаласы көшелерінің бірінде белгісіз автокөлік жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан екі орта жастағы әйелді қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Жол апаты салдарынан жаяу жүргіншілер түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Бүгінде олардың жағдайы орта дәрежеде. 

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және 347-бабы (Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша тіркелген.

"Тәртіп сақшылары жол апатын жасап, оқиға орнынан жасырынған жүргізушіні ұстау мақсатында барлық қажетті шараларды жүргізді. Оқиға орнын қарау барысында белгісіз автокөліктің айна сынықтары, тағы басқа да дәлелдемелер алынып, соның нәтижесінде адам қаққан көліктің ақ түсті Ваз-2106 көлігі екені анықталды.  

Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде кінәлі жүргізуші тәулік ішінде тұрғылықты мекенжайынан анықталды. Көлігі айыптұраққа қойылды. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр" - делінген ПД хабарламасында.