ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Өкімімен Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басу салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сілтеме жасап хабарлайды.
Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың төрағалық етуімен комиссия құрамына орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының басшылары кірді.
Комиссия алдына келтірілген залалды бағалау және су басу салдарын жою, инженерлік, көліктік, әлеуметтік инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету міндеттері қойылды.
Естеріңізге сала кетейік, 1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы елдімекенді су басты.
Соның салдарынан Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толып қалған. Мақтааралдағы орталық коллектордан су сыртқа жайылып, Жеңіс, Жаңа тұрмыс ауылдарын су алып кетті. Кейін тағы да 10 ауылды су алғаны белгілі болды.