«Қысқа және орта мерзімді өндіріс көлемін одан әрі арттыру үшін бірқатар іс-шара жоспарланған. Атап айтсақ, келер жылы Шымкент зауытында мұнайды қайта өндіру көлемін 800 мың тоннаға ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар 2025 жылға дейін Павлодар мұнай өңдеу зауытының гидротазарту қондырғысы қайта жөндеуден өтеді. Бұл өндіріс көлемін 6 млн тоннаға дейін арттырумен қатар, қысқы дизель отынын жылына 160 мың тонна көлемінде өндіруге мүмкіндік береді. Сол сияқты Ақтау битум зауытының жұмысын қайта жаңғырту арқылы өндіріс қуатын жылына 400 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспары тұр», - деді М. Мырзағалиев.
Сондай-ақ, министр бүгінде Түркістан облысында жаңа мұнай өңдеу зауыты жобасының қолға алынғанын айтты.
«Бүгінде жеке инвесторлар Түркістан облысында мұнай өңдеу зауытын салу жобасын іске асырып жатыр. Оның құрылысын 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Қуаты 2 млн тоннаны құрайтын аталған мұнай өңдеу жобасын «Standart Рetroleum & Со» компаниясы жүргізуде. Одан бөлек, «Стандарт Ресурсиз» компаниясы көмірден синтетикалық мұнай шығару және мұнай өнімдерін алу жобасын жүзеге асыруда», - дейді ол.
Бұған дейін ведомство басшысы елімізде дизель отыны тапшылығы мәселесі өз шешімін тапқанын айтты.
Одан бөлек, Мағзұм Мырзағалиев 2030 жылға қарай елімізде мұнай өндіру көлемі 104,2 млн тоннаға дейін жететіні туралы мәлімдеді.