Түркістан облысында тауға шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен жеті туристің үшеуі Өгем тау шатқалынан табылды. Үшеуі де дереу Шымкент әуежайына жеткізіліп, Сайрам Өгем ұлттық паркінің штабында ата-аналарымен қауышты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өңірлік ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаевтың айтуынша, студенттерді құтқару операциясы әуеден жүргізілген. Үшеуі де дін аман, медициналық көмекті қажет етпеген. Ал, туристердің адасып кетуіне ауа-райының күрт суытуы себеп болған. Қалың тұман мен қардың қалың жауғаны және жол көрсетушінің болмауы түрлі қиындықтар туғызған.
«Шыңға жеткен кезде, екі күннен кейін жолда адасып кеттік. Кейін жеті адамның ішінде бір кісі ауырып қалды. Соған байланысты үшеуі бір орында қалды да, төртеуі ары қарай кетті. Үшеуміз үш күн түнедік сол жерде, бүгін шығып келе жатқан кезде бізді тауып алды ТЖҚ қызметкерлері»,- дейді адасқан студенттер.
Төрт күннен бері іздеу шараларын жүргізген өңірдің төтенше жағдайлар қызметінің басшылығы туристердің ас-ауқаты бітіп қалғанын айтады. Дегенмен ешбірі жатып қалмастан, қозғалыстарын тоқтатпаған. Таудан табылғандар Ақтөбе облысы мен Орал, Жезқазған қалаларының тумалары. Қазіргі таңда қалған төрт туристі тікұшақпен іздеу жұмыстары жалғасуда.
