Фото: ашық дереккөз
Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде үлкен дау туды — 15 жастағы мектеп оқушысы өзінен жасы әлдеқайда үлкен көршісінен, яғни 71 жастағы ер адамнан босанған. Ауыл тұрғындары күдіктінің отбасын елді мекеннен көшіріп жіберуді талап етуде, деп хабарлайды Ult.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде кәмелетке толмаған қыздың жүктілігі туралы ақпарат тараған. Жарияланған жазбада қыздың туған-туыстары оның дене бітіміндегі өзгерістерді жүктіліктің жетінші айында ғана байқағаны айтылған. Биыл ақпанда қыз сәбиін дүниеге әкелген. Ал жақында баланың әкесі болуы мүмкін делінген 71 жастағы көрші ұсталды. Кей деректерге сүйенсек, күдікті қыздың туысқаны болуы ықтимал.
Оқиға жайлы хабар тараған соң, ауыл тұрғындары ашуға мініп, күдіктінің отбасына ауылдан кетуді талап еткен. Жанжал сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады.
Түркістан облыстық полиция департаменті күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.
«Келес ауданы тұрғынының кәмелетке толмаған қызына қатысты заңсыз әрекеттер туралы арызы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жай анықталуына бағытталған қажетті тергеу және жедел шаралар жүргізілуде. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады», — делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Сондай-ақ ведомствода істің тергелуі полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екені атап өтілді.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында 14 жастағы оқушы сабақ үстінде босанған болатын. Ал жаңа туған нәрестенің әкесі ретінде қыздың әжесінің 64 жастағы күйеуі күдікке ілінген. Бұл оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4-бөлігі — «Кәмелетке толмағанды зорлау» бабы бойынша іс қозғалып, күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
