01 мау, 2021 сағат 10:46

Түркістан облысында 130 жаңа мектеп салынады


2025 жылға дейін Түркістан облысында 570 төсектік көп бейінді аурухана, 500 орындық үш емхана, жедел медициналық жәрдем станциясы, Ана мен бала орталығы салынады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында мәлім етті. 

«Денсаулық сақтау саласында 570 төсектік көп бейінді аурухана, ауысымда 500 адам қабылдайтын үш емхана, жедел медициналық жәрдем станциясы, сондай-ақ Ана мен бала орталығы салынады. 3 ауысымды және апатты мектептерді жою, сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 130 жаңа мектеп салынады», - деді Ұлттық эономика министрі. 

Сонымен қатар, Назарбаев зияткерлік мектебі мен жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылысы жоспарланып отыр. Әсет Ерғалиев Күлтөбе қалашығының кесенелерін, тарихи нысандарын қалпына келтіру, Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жалғасатынын айтты. 

«Ал дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамтуды 45%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіледі. Ол үшін теннис орталығы, мұз сарайы, ат-спорт кешені және басқа да объектілер салынады», - деді министр.