Түркістан облысында 10 денсаулық сақтау нысаны салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Түркістан облысын дамытудың кешенді жоспары жобасында 10 денсаулық нысанын, оның ішінде Түркістан қаласында 7 және Арыс пен Сарыағаш қалаларында 3 нысан салу көзделген. YDA компаниясы Түркістан қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 570 төсек-орынға арналған облыстық көбейінді аурухан құрылысы жобасын іске асыруға қызығушылық танытып отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің бұл жобасы республикалық деңгейде жүзеге асырылады және Түркістан облысында 2021-2025 жылдары әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспарына қосылған. Облыс тұрғындарымен қонақтарына жоғары технологиялық қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі клиника салынатын болады», - деді ол.
Сонымен қатар ол 190 төсек-орынға арналған облыстық балалар ауруханасын салу да жоспарланып отырғандығын айтты.
Жалпы, Түркістан балалар ауруханасының ғимараты 2014 жылы салынған әрі санитарлық-гигиеналық нормаларға сай келеді.
Бірақ, құрамында хирургиялық бейіндегі мамандандырылған бөлімшесі, консультациялық-диагностикалық емханасы, диагностика бөлімшесі жоқ.
«Жоспарда Түркістан қаласында 500 келушіге арналған қалалық емхана құрылысы да қарастырылған. Қазіргі уақытта Б.Саттарханов шағын ауданында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін нысан жоқ», - деді Алексей Цой.
