Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының «Түркістан музыкалық драма театры» МКҚК кезекті III маусымын жаңа қойылыммен ашады.
Түркістан музыкалық-драма театры кезекті III маусымын өзбектің көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» пьесасы бойынша қойылатын спектакльдің премьерасымен ашады. Пьесаны қазақ тіліне аударған – Асқар Сүлейменов.
Әлемнің 14 елінің сахнасында қойылып, кино өндірісінде елеулі туындыға айналған бұл шығарма 40 жыл өтсе де маңыздылығын әлі жойған жоқ. Шығарма тұңғыш рет 1978 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрының сахнасында көрсетілді. Қазіргі күні қазақстандық театрлардың басым бөлігі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» спектаклін қойды десек, қателеспейміз.
Өзбек драматургінің 40 жылдан астам тарихы бар «Келіндер көтерілісі» комедиясы Түркістан музыкалық драма театры сахнасында заманауи келбетке ие болады. Инсценировканың авторы және режиссері Дәурен Серғазин көрші отырған екі мемлекеттің ортақ құндылықтарын тиімді пайдаланып, жаңаша сипатта музыкалық комедия жасап шығарды. Комедияда ене мен келін арасындағы қарым-қатынас ғана емес, жалпы қоғамда орын алып отырған мәселелер де көрсетіледі. Адам баласының еркіндігі, таңдау құқығы, психологияның жедел даму әсері сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер негізге алынған. Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге қарық қыла отырып, терең ойға батырады.
Спектакльде рөлдерді Түркістан музыкалық драма театрының жас әртістері мен еліміздің алдыңғы қатарлы театрларынан шақырылған әртістер сомдайды. Рөлдерде: ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіп, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әлімхан Мырзахан, ҚР Мемлекеттік Президент стипендиясының иегері Айнұр Рахипова, ҚР Президентінің мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері Жандаулет Батай, отандық бірнеше тарихи фильмдерде басты рөлді сомдаған Бақыт Хаджибаев және Мейірғат Амангелдин, қазақ киносының белді актрисалары Қарлығаш Тұрсынбекова, Толқын Нұрбекова және Түркістан музыкалық драма театрының жас талантты әртістері.
Сценографы: Олжас Дәрубаев, хореграфы: Мәдина Мұратпекова, көркемдік жетекшісі: Айнұр Көпбасарова.
С. Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиялық қойылымының премьерасы 21-22 қазан күндері сағат 19:00-де басталады.
Спектакльдің премьерасына арналған баспасөз мәслихаты 18 қазан күні сағат 15:00-де өтті. Мәслихат барысында көрермендерді қызықтырған сұрақтар қойылып, басты рөлдегі әртістер тарапынан толыққанды жауаптар берілді.