Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауына сәйкес туризм саласын дамытудың жаңа басымдықтары талқыланды, деп хабарлай ды Ult.kz тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өткен жиында орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің өкілдері есеп беріп, елдің туристік аймақтарындағы жағдай мен атқарылған жұмыстарды саралады. Президент тапсырмаларының орындалу барысы да назардан тыс қалмады.
Дегенмен, Көшербаев инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасының әлі де ақсап тұрғанын ескертіп, курорттық аймақтарды алдағы жазғы маусымға лайықтап әзірлеуді тапсырды.
«Туризм – тек экономиканың емес, халықаралық имиджіміздің, инвестициялық тартымдылығымыздың және өңірлердің дамуының басты факторы. Ол үшін заманауи инфрақұрылым салып қана қоймай, әлемдік деңгейге сай сервис қалыптастыруымыз қажет», – деді ол.
Жиын соңында мемлекеттік органдарға курорттық аймақтардың абаттандыру стандарттарын бекіту, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шетелдік қонақтарға паспорттық бақылау рәсімдерін жеңілдету, халықаралық лоукостерлерді тарту және жалпы қызмет сапасын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.
Алматы бүгінде ел туризмінің көшбасшысы саналады. Жарты жылдың өзінде қалаға миллионнан астам турист келген. Алайда, демалушылар үшін қолайлы жағдай жасау әлі де жүйелі жолға қойылмаған. Президент Жолдауында да Алматы мен Алматы облысындағы тау туризміне ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағытта кешенді жоспар әзірленіп жатыр.
«Шымбұлаққа» келушілер саны соңғы уақытта 2,5 есеге өсіп, тәулігіне 15 мың адамға дейін жеткен. Бірақ инфрақұрылым тапшылығы өзекті күйінде қалып отыр. Қалалық Туризм басқармасының өкілдері экожүйені сақтай отырып, жаңа соқпақтар, демалыс бағыттарын дамытуға ниетті. Кешенді жоспарға «Oi-Qaragai», «Кімасар», «Бутаковка» және «Pioneer» аймақтары да енген.
Алмаарасан шатқалы да жаңғыру үстінде. Жаяу жүргіншілер жолдары мен көпірлер қайта жөнделіп, туристерге қауіпсіз саяхаттауға мүмкіндік жасалды. Ыстық бұлақтары мен тау өзендері бар бұл мекен күніне мыңдаған қонақты қабылдайды.
Халықаралық рейтингтер де Алматының беделін асқақтатуда. CNN Travel қаланы әлемдегі үздік 25 туристік бағыттың қатарына қосты, ал Booking.com мегаполисті ең танымал дестинациялар қатарында атады. Сарапшылардың айтуынша, тау туризмі Қазақстанның ұлттық брендіне айналуы әбден мүмкін.
Елімізде спорттық туризм де қарқын алып келеді. Алдағы уақытта Алматыда өтетін «Қайрат» – «Реал Мадрид» футбол ойынына 4–5 мыңға жуық шетелдік жанкүйер келеді деп күтілуде. Туризм және спорт министрінің айтуынша, бұл шара оқиғалы туризмді дамытуға серпін береді.
«Қазақстанның инфрақұрылымы халықаралық стандарттарға сай. Спорт – адамдарды біріктіретін қуатты күш. Біз спорт арқылы елдің имиджін де көтере аламыз», – деді ол.
2025–2029 жылдары Алматы тау кластерін дамытуға 650 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған. Медеу–Шымбұлақ бағытында жаңа тау ауылы салынып, аспалы жолдар мен қонақүйлер бой көтереді, Тұйықсу курорты жаңғыртылады. Мақсат – 2029 жылға дейін шетелдік туристер санын үш есеге арттырып, салық түсімін екі есеге көбейту. Ол үшін Алматыдан әлемнің ірі қалаларына тікелей рейстер ашу көзделген.
Алдағы жылы ғана тау және қалалық инфрақұрылымды дамытуға 697 млн теңге бөлініп, 10 жаңа туристік маршрут жасалады. Алма-Арасан ыстық бұлағы қайта жаңартылып, күн панельдері бар кемпингтер ашылады.
Алматының басты туристік орындары – Шымбұлақ, Медеу, Көктөбе мен Көк Жайлау бүгінде мыңдаған қонақты қабылдап отыр. Шымбұлақта қысқы спорт түрлері, жазда хайкинг пен велотуризм дамып келеді. Медеу мұз айдыны, Көктөбедегі панорамалық көріністер мен аттракциондар – қала символына айналған.
Туристер жиі баратын көрікті орындар қатарында Қайыңды мен Көлсай көлдері, Шарын шатқалы, Түрген шатқалы, Есік көлі мен Ассы жайлауы бар. Алматының маңындағы Үлкен Алматы көлі де шетелдік қонақтардың сүйікті бағытына айналған.
Қазақстан туризмін шетелге таныту үшін инфлюенсерлер де тартылуда. Мәселен, қытайлық блогер Таотао «туризм елшісі» атанып, 7 миллиондық аудиториясына еліміздің табиғаты мен мәдениетін насихаттап жүр.
CNN Travel Алматыны әлемдегі үздік 25 туристік бағыттың қатарына енгізді. Мамандардың айтуынша, Алматы туризмді дамыту арқылы Қазақстанның ұлттық брендіне айнала алады.
Ақбота Мұсабекқызы
