Фото: © Sputnik / Ксения Воронина
Солтүстік Қазақстан облысында қаржы сауаттылығының жетіспеуінен алаяқтардан зардап шегетіндер қатары көбейген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Интернеттегі алаяқтықтың жаңа түрлері» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Полицейлер қылмыстың бұл түрімен күрескенімен, алдын алу жұмыстарын жүргізгенімен, зардап шегушілер азаяр емес. Биыл жыл басынан осындай 259 дерек тіркелді.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, желілік алаяқтар соңғы кезде халықтың қаржы сауатсыздығын пайдаланатын болған. Олар танымал бейне-хостингтер мен әлеуметтік желілерде жеңіл ақша табуға болатын түрлі жобалармен қызықтырады.
Мәселен, YouТube бейнехостингінде «ҚазМұнайГаз» компаниясының инвестициялық қорында табыс табуға шақырған хабарландыруды көрген Петропавлдың 22 жастағы тұрғыны бұл мүмкіндікті пайдаланбақ болған. Сілтеме бойынша өткеннен кейін оған аты-жөнін, абоненттік нөмірін қалдыру ұсынылды. Бірнеше күннен кейін жігітке белгісіз адам ұялы телефонына қоңырау шалып, өзін жарнама берушімін деп таныстырып, жұмыстың міндеті – адамдарды криптоконтораға тарту екенін айтқан. Ал жобаға қатысу үшін және биржа арқылы криптовалютамен жұмысты бастау үшін қаражат салуды сұраған. Осылайша бірнеше күн түрлі сылтаумен ақша суыртпақтап отырған. Салдарынан жәбірленуші 700 000 теңгеден айырылып, кейін полицияға жүгінді.
Ал Петропавл қаласының 50 жастағы тұрғыны интернетте биржада табыс табу туралы хабарландыруды көрген. Хабарламада ол жеке мәліметтерін қалдырып, бірнеше күннен кейін оған белгісіз ер адам қоңырау шалған. Мұнай компаниясында «ақша табудың» шарттарын түсіндірген. Брокерлік платформаға кіру үшін деп қаражат салғызып, кейін бірнеше рет қаржы аудартқан. Одан соң жиналған ақшаны алу үшін сақтандыру төлемін жасау қажеттігін айтқан. Ақша аударылғаннан кейін «жұмыс берушілер» байланысқа шығуды тоқтатты. Осылайша әйел 1,5 млн теңгесінен айырылды.
Барлық жағдайда зардап шегушілер қаржысын үшінші біреулердің банктік есепшотына аударып отырған. Алаяқтар танымал мессенджерлер арқылы банк карталарын сатып алу және ақшаны қолма-қолға аудару туралы хабарландыру береді. Полицейлердің айтуынша, қылмыскерлерге ақшаны алуға көмектесетін «дропптар» кейін зардап шегушіге толық мөлшерде келтірілген шығынды сот арқылы қайтарады.