Алматыда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрлерінің екінші кеңесі өтті. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиын барысында ішкі істер органдарының қылмыскерлерді іздестірудегі өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру, сондай-ақ шекара маңындағы өңірлер ішкі істер органдарының бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы күрестегі ынтымақтастығын жандандыру мәселелері талқыланды.
«Біздің елдеріміз аумағында қылмыс жасаған қауіпті қылмыскерлерді іздеу және ұстау, ауыр қылмыстарды бірлесіп ашу бағытында көптеген жақсы нәтижелер бар. Бірлескен іс-шаралар өткізу өңірдегі жедел жағдайға оң әсер етеді. Бұл жұмыс бағыты бойынша ТМД шеңберінде «іздестіру» халықаралық операциясын (жыл сайын 2 кезеңде) жүргізу кезінде оң тәжірибе жинақталғанын атап өткім келеді. Сонымен қатар, бірінші рет төртжақты форматта біздің елдеріміздің аумағында мал ұрлығы мен адам саудасына байланысты қылмыстарды алдын алуға, жолын кесуге, анықтауға және ашуға бағытталған «Мал ұрлығы» (2018 ж. желтоқсан) және «Стоп-трафик» (2018 ж. қараша) үйлестірілген жедел-алдын алу операциялары өткізілді. Осы операциялар аясында халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерлер ұсталды, шекара арқылы заңсыз айдалатын бірнеше ондаған бас мал табылды, адам саудасына байланысты 100-ге жуық қылмыс анықталды. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы шеңберінде (8 ел, оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді) жақында ғана (2019 жылдың шілдесінде) синтетикалық есірткілерді жеткізу және тарату арналарының жолын кесуге бағытталған «Паутина» есірткіге қарсы алғашқы операция іске асырылды. Іс-шара барысында ШЫҰ елдерінің аумағында 1 мыңнан астам есірткі қылмысы анықталды, 7 тоннаға жуық түрлі есірткі тәркіленді, есірткі тәртібін бұзғаны үшін 2 мыңнан астам адам ұсталды. Мемлекет (ШЫҰ) басшыларының шешімі бойынша бұл операция алдағы уақытта тұрақты түрде жүргізілетін болады», - деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.
Сонымен қатар, кездесуде бірлескен іздестіру жұмысы трансұлттық қылмысқа қарсы күресте біздің іс жүзіндегі өзара іс-қимылымыздың ең нәтижелі негізі болып табылатыны атап өтілді. 2019 жылы Орталық Азия елдерінен ішкі істер органдарының сұраулары бойынша Қазақстан аумағында 70-ке жуық қылмыскер, оның ішінде аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлер іздестірілді.
«Бірлескен іздестіру жұмыстары аясында қылмыстық істер бойынша нақты тәжірибелік құқықтық көмек көрсетіледі. Ағымдағы жылы Қазақстаннан Қырғызстанға және Өзбекстанға 4 жедел-тергеу тобы барды. Олардың барлығы әріптестерінен қажетті қолдау мен көмек алды. Бұл үшін министрліктердің басшыларына ризашылығымды білдіргім келеді. Көптеген қылмыстардың ашылуы мен іздестіріліп жатқан қылмыскерлерді ұстау біздің ішкі істер органдарының басшылары мен қызметкерлерінің жеке байланыстары салдарынан мүмкін болатынына сенімдімін. Қылмыскерлерді іздестіру саласында біздің өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін біздің бейінді бөлімшелеріміз арасындағы байланыстарды одан әрі нығайту қажет», - деді қазақстандық ІІМ басшысы.