Фото: Ult.kz
Қадыр Мырза Әлі туралы ақын Ақұштап Бақтыгерееваның естелігінен:
Біздің санамызда ұлы Абай бар. Қазақ ұлтына ғасырлап қызмет ете беретін ақын. Ал Қадыр ағаң болса: «Абай мен екеуміздің ортамызда бала жоқ» дейді. Олай дейтіні, Қадыр Мырзалиев те қазақ ұлтына ұлттық формада қызмет еткен ақын. Мырзалиев өлеңдерін «Мен қазақпын» деп, және ертең осы ұлтқа қызмет етемін деп жазатын. Ол бүкіл тақырыпқа жазған. Кішкентай балаға жұмбақтан бастап, оқушыға «Күміс қоңырау» деген еңбекпен қостап, есейген, азамат болған кезде оқитын өлеңдермен жалғастырды. Қалай қазақ болуды өзінің поэзиясымен үйретіп кеткен ақын. Оның барлық өлеңі бүгін біздермен бірге, күнде өмір сүріп отыр.
Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем
Көк кілемде көп аунаймын, көп күлем
Асқар тауы аспанымен таласқан
Қазағымның мәртебесі деп білем.
Міне, осылай ән шырқап тұрып, ойлы да, парасатты дүниелер жазған. Бір ғана өлеңімен бүкіл қазақ ұлтының тағдырын жазу ақынның ең үлкен шеберлігі.
Бабалардың шоқ басқан табанымен
Бірдей екен жақсысы жаманымен.
Бір жаманы — тынымсыз көше берген,
Бір жақсысы — қимаған даланы кең.
Бір жаманы — кешігіп әліппе ашқан,
Бір жақсысы — күйлері көбік шашқан.
Бір жаманы — қыздарын малға сатқан,
Бір жақсысы — сүйгенін алып қашқан.
Бір жаманы — шаруасын маңдытпаған,
Бір жақсысы — қулықпен жанды ұтпаған.
Бір жаманы — үйленіп жеңгесіне,
Бір жақсысы — жесірін қаңғытпаған.
Осы өлеңнің өзінде қазақтың бүтін бір парасаты, тарихы және ұлы ұлағаты жатыр.
Бүгінгі таңда көбейген шулы тойларда кез келген асаба Қадыр Мырзалиев өлеңімен күн көріп, тамағын тауып жатыр десем өтірік емес. «Қазақ осы құда бол деп қинайтын» деп басталады той, солай кете береді. Міне, Қадыр ағаның өлеңі кез келген жерде, кез келген қазақ баласына көмекке келеді.
Қадыр Мырзалиев қазақ поэзиясын бірнеше томдармен толтырып кетті. Мырзалиевтен өмірдің барлық сұрағына жауап алуға болады.
ХХ ғасырдағы ақын-жазушылардың арасында ең көп кітап жинаған – Қадыр Мырзалиев. Қадір ағаның кітап жинауы ерекше еді. Таңертең ерте тұрып, базарларға баратын. Ол жинаған кітаптарын үйіне келетін адамдардан сондай сақтап отыратын. Сондай кітап күзеткен ақын. Қазір оның кітаптары өзінің туған жерінде, Ақжайықта сақталған.
Биыл қазақ поэзиясындағы үш құрдас ақынның мерейтойы тойланбақшы. Ол – бізге әнұран жазып берген Жұмекен Нәжімеденов, ол – біздің дәуірдің бүтін бір ғажайып әндерінің сөзін жазған лирик ақын Тұманбай Молдағалиев. Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырзалиев бір жылда туған, бір жылда қайтыс болып, бірге өмір сүріп, қолұстасып жүрді. Бір-бірін сыйлап, жақсы көрді. Екеуі қатар кітап жазды, қатар жұмыс істеді. Екеуінің ғұмыры ғажайып достықта өтті. Биыл сол екі ғажайып ақынға Алматыда ескерткіш қояды деп үміттенемін.