12 қар, 2021 сағат 18:12

Цой коронавирусқа қарсы екпе алмаған адамдарды вакцинациялануға шақырды


ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы екпе алмаған адамдарды вакцинациялануға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықтың осал топтарын қорғау мақсатында халықты ревакцинациялау тәсілдері әзірленді және 22 қарашадан бастап тиісті контингентті ревакцинациялау басталады. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері, педагогтар, медициналық-әлеуметтік мекеменің, жабық балалар мекемелерінің персоналы мен контингенті, күш құрылымдарының қызметкерлері егілетін болады. Сондай-ақ ревакцинацияға белгіленген мерзімдерді ескермей 60 жастан асқан адамдар, сондай-ақ өз бетінше зерттеуден өткен және КВИ-ге қарсы антиденелерге тесттің теріс нәтижесі бар адамдар жіберіледі», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның атап өтуінше, ревакцинацияның екінші кезеңінде алғашқы вакцинацияны аяқтаған (вакцинацияның толық курсын аяқтағаннан кейін 6-9 айдан кейін) және 2022 жылдың қаңтарынан бастап ревакцинация мерзімі жеткен қалған азаматтар ревакцинациялауға жатады. 

«Коронавирус инфекциясының тұрақты мутациясын, сондай-ақ егілмеген халық арасында ауру жағдайларының тіркелуін ескере отырып, мен халықты вакцинациялауға шақырамын. Себебі бұл - вирустың таралуын азайтып, бұрынғы өмір салтына оралудың жалғыз тәсілі. Тағы да еске салғым келеді, ауырған адамдардың 96 пайызы вакцинацияланбаған адамдар», - деді ол.