27 мам, 2021 сағат 17:23

Цой Біртановпен қарым-қатынасы туралы айтты



Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Алексей Цой бұрынғы министр Елжан Біртановпен қазір араласпайтынын мәлімдеді.

Бұл туралы ол журналист Нартай Аралбайұлының YouTube-каналына берген сұхбатында айтты.


"Сіз министр болып тағайындалғанда, жылы лебіз білдіріп, Елжан Біртановқа денсаулық тіледіңіз. Қазір ол қылмыстық іске қатысы бар деп айыпталып отыр. Қазіргі қарым-қатынастарыңыз қандай?" - деп сұрады тілші.




"Біз қалай да болсын әріптеспіз ғой. Бірнеше жыл бірге етене жұмыс істедік. Сосын ол министрлікті басқарып тұрғанда, мен вице-министр болдым. Әрине, мен оны жақсы танимын. Қылмыстық іске дейін біз араластық. Ал қазір әркім өз бағытымен кеткендіктен, араласып жүрген жоқпыз. Жалпы арамызда қандай да бір түсініспеушіліктер жоқ. Әріптес сияқтымыз", - деді Цой.


Еске салсақ, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасынан бері бері үйқамақта отыр. Оған аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ысырап етті деген айып тағылды.


Біртанов денсаулық сақтау министрлігін 2017 жылдан 2020 жылға дейін басқарды.


Жуырда сот экс-министрге отбасын асырау үшін жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Біртановқа сағат 8:00-ден 19:00-ге дейін сыртқа шығуға рұқсат етілді.


Судья Біртановтың асырауында бес баласы (оның үшеуі кішкентай) және қарт анасы бар екенін ескерген.