26 мам, 2017 сағат 08:38

Трамптың Саудияға сапарынан Қазақстанға қауіп бар ма?

Мұнай бағасын құлдырату арқылы Совет Одағын құлатқан АҚШ пен араб елдерінің саясатын Доналд Трамп қайта тірілте ме?

Таяуда Қазақстан президенті Сауд Арабиясына барып қайтты. Ел астанасы Риядта Н.Назарбаев Саудия, АҚШ, Қатар, Бахрейн, Араб Әмірліктері, Мауритания сияқты бірқатар мемлекет басшыларымен кездесу өткізіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін саралады. Бұл саммит басты ерекшелігі – АҚШ пен мұсылман және араб елдері тұңғыш рет осындай ауқымды құрамда бас қосқаны. Оның үстіне жаңадан сайланған АҚШ президенті Доналд Трамптың шетелге алғашқы сапары да осы саммиттен басталды. Осындай саяси маңызы зор шараны Трамптың алдындағы президенттер не Канада, не Мексика сияқты көрші елдерден немесе Еуропадағы одақтастарынан бастайтын. Миллиардер-президент бұл дәстүрді бұзды, тиісінше жаңа бағыт, басымдықтарын аңғартты.

Барак Обама кезінде Вашингтон Таяу Шығыстағы шешуші одақтастары Сауд Арабиясы және Израильмен байланыстарын біршама нашарлатып алды. Оған Обаманың Иранға қатысты екіұшты саясаты, Араб-Израиль текетіресінде тең үйлестіруші бола алмағаны, «Араб көктемі» оқиғалары кезінде мың құбылуы тәрізді әрекеттері себепші болды. Енді сол ағаттықтың алдын алу, сонымен қатар әлем күн тәртібінде тұрған негізгі қауіп-қатер – діни терроризмді ауыздықтау ісінде мұсылман елдерінің әлеуетін пайдалануды мақсат еткен Доналд Трамп көпшілік күтпеген қадамға барып, шахматтағыдай «атпен жүріс» жасады.

Саммитке қатысқан араб және мұсылман елдерінің ұзын саны 40-тан асады. АҚШ-ты ауызға алмағанда, дәл осындай ауқымда және жоғары деңгейде Ислам әлемі соңғы онжылдықта бас қосқан емес. Олардың алдында сөз сөйлеген Трамп аймақ елдерін тізе қосып, төнген қауіп-қатерге қарсы бірлесе күресуге шақырды. Сондай-ақ Таяу Шығыстың шырқын бұзған елдер қатарына Иран мен Сирияны жатқызып, оларды өткір сынға алды. Соңғылары аймақтағы Ресейдің одақтастары екенін ескерсек, бұл мәлімдеме белгілі дәрежеде Мәскеуге және тікелей Владимир Путинге бағытталғанын түсіну қиын емес.

Оның сапары халықаралық қауіпсіздікті ұжымдық деңгейде қамтамасыз етумен қатар, экономикалық, қаржылық, инвестициялық бағытта ілгерілеу және алға басумен ерекшеленді. Трамп сапарында тек АҚШ пен Сауд Арабиясы арасында 350 миллиард долларға пара-пар келісімдерге қол қойылды. Олардың ішінде 125 миллиард долларға (!) қару-жарақ сату мен сатып алу шарты бекітілді. Бұл да тарихта бұрын-соңды болып көрмеген сома. Салыстырмалы түрде айтсақ: қару-жарақ өндіруде әлемде екінші орындағы Ресейдің жылдық тұтас экспорты 15 миллиард доллардан аспайды.

ҚАУІПСІЗДІК МЕНЕДЖЕРІ

Рас, әккі бизнесмен Трамптың бір елге жасаған сапарынан осындай зор олжамен оралғаны АҚШ экономикасы үшін әжептәуір қолғабыс. Алайда бұл сапардың саяси маңызы одан да асып түсуі мүмкін. Себеп АҚШ-тың әлемдегі, оның ішінде Араб мемлекеттеріндегі әлеуетінде һәм салмағында жатыр. Саудияның АҚШ-қа орасан зор сомада ақша құюының астарында тек қаржылық немесе қауіпсіздік мүдделері ғана емес, ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік жатқанын көрсетеді.

1970 жылдары бүгінгі Ресейден әлдеқайда құдіретті Совет Одағын елінен қуып шыққанда Мысыр көсемі Әнуар Садаттың «Таяу Шығыс түйткілін реттеуге қажетті кілттің 99 пайызы АҚШ-тың қолында» деген еді. Сол заманнан бері, әрине, көп нәрсе өзгерді. Аймақта соғыс өрті бірнеше мәрте тұтанып, революциялар көбейді, экстремисшіл және терроршыл қозғалыстар күшейе түсті. Десе де, АҚШ-тың аймақтағы елдерге ықпалы өзгеріссіз қалды. Сәйкесінше Таяу Шығыс мемлекеттері арасында өршіген алауыздық пен өшпенділікті еңсеру Ақ үйдің араласуынсыз іске асуы неғайбыл. Израиль-Палестина дауы, Сирия мен Йемендегі азаматтық соғыс, Ирак, Либия, Судан, Сомали сияқты елдердің бөлшектеніп, содыр, лаңкестердің ошағына айналғаны, Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан безген босқындардың Еуропаны миграциялық дағдарысқа тірегені сияқты толып жатқан түйткілдердің шешімі бүгін де АҚШ-тың әрекетіне байланысты.

Онсыз да көп дау мен жанжалды одан әрі күрделендірген жағдай – мұсылман әлеміндегі саясаттың сүнниттер мен шииттер болып екіге бөлініп, олардың арасы жылдан-жылға өршеленіп кетті.

Назар аударарлық бір жайт. Дәл осы күндері Сауд Арабиясы бастаған сүннит әлемінің басты қарсыласы шииттік Иранда президенттік сайлау мәресіне жетіп, батысшыл, либералдық бағыттың өкілі Хасан Рухани қайта сайланып, президенттік мерзімін төрт жылға ұзартты. Бұл Иран қоғамының батыспен, оның ішінде ең алдымен АҚШ-пен мәмілеге келуге ынтық екенін білдіреді. Ал Аятолла Хомейнидің кезіндегідей қатқыл ұстанымдағы саясаткерлер халықтың қолдауына ие болмады.

РЕСЕЙ КСРО ТАҒДЫРЫН ҚАЙТАЛАЙ МА?

«Трамп билік басына келсе, Вашингтон мен Мәскеу арасында жылымық пайда болады, санкциялар алынып тасталады» деген сыңайдағы ресейлік сарапшылардың үміттері ақталмады. Қайта АҚШ-тағы президенттік сайлауларға Ресейдің араласқаны туралы күдіктер екіжақты байланысты одан әрі шиеленістіріп жіберді. Трамптың өзі ресейшіл бағыты үшін Америкада қатқыл сынның астында қалды. Демек, тәуелсіз де жігерлі саясаткер екенін дәлелдеу үшін Ақ үйдің қожайынына Ресейге шүйлігуден басқа амалы қалмағандай. Ал соңғысы өлген Кеңес Одағын тірілту үшін әлемге қауіп төндірген жағдайда. Бұл көрініс Таяу Шығыста, сондай-ақ әлем сахнасында қалыптасқан бұл жағдай 1980 жылдарды еске түсіреді.

Сол кездері озбыр және тиімсіз саясат экономиканы тығырыққа тіреп, батыс санкцияларынан ішкі майы сылынып түскен Кеңес Одағы аса ауыр жағдайда, тізесі дірілдеп әрең тұрған еді. Әділдік пен өркениет емес, күштеу мен басыну арқылы одақтастарын ұстап тұру саясаты жүзеге аспады. Одақтастар қатары сирей бастады. Ал мұнай бағасының күрт құлдырауы кеңестік экономиканың сағын сындырып, қызыл империяны күйретті.

Дәл сол кезде АҚШ-тың мұнайды қызыл империяға қарсы қару ретінде пайдалануына Сауд Арабиясы теңдессіз қызмет жасады. Осы елдің қазіргі патшасы Салманның туған ағасы Фахд Америка президенті Рональд Рейганмен империяны күйрету науқанын ұйымдастырды. Ал Мәскеудің Таяу Шығысқа басып кіруінен қауіптенген басқа елдер Вашингтон мен Риядтың бастамасын қызу қолдады.

Енді, міне, Сириядағы текетіресте күллі сүннит әлемінің қарғысын арқалаған Башар Асадқа Ресейдің жан-тәнімен қолдау жасауы бұрынғы тәсілді еріксіз қайта тірілтуі ықтимал.

Яғни Доналд Трамптың тұңғыш сапары Таяу Шығысқа түскені мүлде кездейсоқтық емес, қайта зор өзгерістердің басы болуы мүмкін. 1980 жылдары бар іс мұнай бағасының құлдырап, Кеңес Одағының күйреуімен аяқталса, бұл жолғысының құны немен өлшенбек? Алыптардың ойыны қалай боларын, кез келген тосын жағдайларды уақытында болжап, дайын болғанымыз абзал.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы

«Жас Алаш» газеті