05 қар, 2020 сағат 02:07

Трамп штабы сайлау нәтижесі шықпаған үш штатта дауыс санауды тоқтату туралы сотқа арыз түсірді

АҚШ президенті Дональд Трамп штабы сайлау ерекше тартысты өткен, бірақ сайлау нәтижесі әлі шыға қоймаған Мичиган, Пенсильвания және Джорджия штаттарында дауыс санауды тоқтату туралы сотқа арыз түсірді. Трамп штабы аталған үш штатта бюллетеньдерді есептеу кезінде ашықтық болмағанын алға тартады. 

“Біз бүгін Мичиган сотына қажетті дәрежеде ашықтық болғанға дейін дауыс санауды тоқтату туралы арыз түсірдік” делінген 4 қарашада тараған штаб хабарламасында.

Пенсильванияда штаб қызметкерлері сайлау учаскесі өкілдерін бақылаушылардан дауыс санын есептеушілерге 8 метрден кем жақындамауды талап етіп, сайлауды бақылауға кедергі жасады деп айыптады. Олар бұл штатта да дауыс санауды тоқтатуды талап етіп отыр.

Трамп жақтастары сәл көбірек Джорджия штатының оңтүстігінде штаб өкілдері жоғарыда айтылған айып негізінде сотқа өтініш түсіретінін айтқан.

Сайлау кезінде қандай да бір заңбұзушылық немесе сайлау учаскесі өкілдерінің дауыс санау кезінде қандай да бір ережені сақтамағаны жайлы дәлелдің жоқ болғанына қарамастан сотқа арыз түсіріліп отыр.

Осыған дейін Невада штатында да дауыс санау процесі тоқтатылған еді. Неваданың сайлау комиссиясы сайлау күні – 3 қарашада поштамен жіберілген дауыстарды, содан соң алдағы аптада келіп түсетін басқа да бюллетендерді санауға және дауыс берген кей азаматтардың аты-жөнін нақтылаудағы даулы мәселелерді шешуге уақыт керек екенін айтқан.

Соңғы мәлімет бойынша, Байден сайлаушылар алқасының 224 дауысын, ал Трамп 213 дауысын алып отыр. Жеңіске жету үшін кандидат сайлаушылар алқасының кемінде 270-інің дауысын алуы керек. Әзірге алты штат: Невада, Солтүстік Каролина, Пенсильвания, Висконсин, Джорджия, Мичиганда сайлау нәтижесі белгісіз болып тұр. Байденге сайлауда жеңіске жету үшін осы штаттардың кемінде үшеуінде, ал Трампқа төртеуінде жеңіске жету керек. 

Штатта саналған бюллетендер саны 90 пайызға жетіп қалды. Ұлттық сайлау жүйесі сайтындағы мәлімет бойынша, Байден әзірге сәл ғана алда келеді. Ол 49,33, ал Трамп 48,69 пайыз дауыс жинап тұр.