27 қар, 2020 сағат 09:29

Трамп сайлауда жеңілген жағдайда Ақ үйден кетуге дайын екенін мәлімдеді

Бейсенбі, 26 қарашада Дональд Трамп Джо Байденнің жеңгені ресми түрде расталғаннан кейін Ақ үйден кетуге дайын екенін алғаш рет мәлімдеді. 

"Әрине, кетемін және солай істейтінімді өздеріңіз де керемет біліп отырсыздар. Жеңілісті мойындау оңай емес, жаппай алаяқтық болғанын да білеміз" деді ол. 

Осыған дейін сайлау кезінде "дауыс ұрланды" және "сайлау ережесі бұзылды" деп мәлімдеген Трамп штабы арыз түсірген бірнеше штаттың соты шағымдарды кері қайтарған еді. Трамп штабы әлі де сайлау нәтижесін даулап жатыр. 

Америка баспасөзі бұған дейін президент мерзімін аяқтағаннан кейін Дональд Трамп Ақ үйден кете ме, жоқ па деген мәселені көтеріп, оны сынаған. Ал Трамптың өзі ешқашан кетпеймін деп айтқан емес. Бірақ ол сайлау нәтижесін де мойындауға дайын емес. Оның сөзіне қарағанда, сайлаушылар алқасы жиналып, сайлаудың түпкілікті нәтижесін куәлік еткенге дейін "әлі көп уақыт бар". Сайлаушылар алқасының жиыны 14 желтоқсанда өтеді. 

Алдын ала мәлімет бойынша, Байден сайлаушылар алқасының - 306, Трамп 232 дауысына ие болған. Сайлау жеңімпазы атану үшін кандидатта сайлаушылар алқасының кемінде 270 дауысы болуы керек.