АҚШ Президенті Дональд Трамп Мәскеудің 2018 жылғы наурыз айында Ұлыбританияда тұратын бұрынғы ГРУ офицері Сергей Скрипаль мен оның қызын улауға қатысы бар деген негізде Ресейге санкция салу туралы бұйрыққа қол қойды.
1 тамызда қол қойылған бұйрық - Ресейдің "новичок" атты жүйке жүйесіне әсер ететін жойқын у қолдануға қатысы бар екені анықталған соң Химиялық және биологиялық қару-жарақты бақылау мен жою актісінің негізінде Мәскеуге салынған санкцияның екінші бөлігі.
Жаңа санкция АҚШ банктеріне Ресей үкіметіне азық-түлік пен азық-түлікке қатысты ауылшаруашылық өнімдерін сатып алудан басқа ешбір салада несие бермеуді міндеттейді.
АҚШ-тың ресейлік компанияларға берген банк несие көлемі Кремль Қырымды аннексиялап алғанға дейінгі 45 миллиард АҚШ долларынан биыл 10 миллиард долларға дейін азайып кеткен.