АҚШ президенті США Дональд Трамп Ресей мен Қытайдың Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкция салу туралы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қарарын қолдап дауыс бергенін құптады. Бұл туралы Ақ үй баспасөз қызметі таратқан ақпаратта айтылған.
Онда Трамптың "Солтүстік Кореяны қауіпті тұрақсыздық туғызатын іс-қимылын тоқтатуға мәжбүр ету үшін оған дипломатиялық және экономикалық қысымды күшейту жөнінде одақтастар және әріптестермен бірге жұмысты жалғастыруға ниетті" екені айтылған.
Осының қарсаңында БҰҰ қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяға зымыран ұшыру сынақтарын өткізуді жалғастырғаны үшін жаңадан санкциялар салу туралы қарарды бірауыздан қабылдаған. Ол санкциялар салдарынан Пхеньян экспорттан түсетін табыстың үштен бір бөлігі – бір миллиард доллардан айырылуы мүмкін.
Жаңа санкция бойынша Солтүстік Кореяның сыртқа шығаратын көмір, темір, қорғасын және теңіз өнімдеріне эмбарго салынады. Бұған қоса БҰҰ-ға мүше елдерде Солтүстік Кореядан барған жұмысшылар санын көбейтуге, Солтүстік Кореямен бірлескен кәсіпорындарды кеңейтуге және ондай кәсіпорындарды жаңадан құруға тыйым салынады. БҰҰ санкция тізіміне бұрынғыларға қосымша Солтүстік Кореяның тоғыз азаматы мен төрт компаниясы енгізілген.
Сенбі күні БҰҰ-дағы Қытай өкілі Лю Цзеи Пхеньянды Корей түбегіндегі шиеленісті одан сайын ушықтыратын қадамдарға бармауға шақырды. Ресейдің өкілі Василий Небензя Солтүстік Кореяны ядролық бағдарламадан бас тартуға үндеді.
Бұған дейін АҚШ Пхеньянның жақында екі қайтара өткізген құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағына жауап ретінде осы елге қарсы жаңа санкциялар енгізу туралы ұсыныс енгізген.
Солтүстік Кореяға ядролық және зымыран бағдарламасымен айналысуына тыйым салған БҰҰ-ның бұған дейін қабылдаған қарарларын Пхеньян орындамай, сынақтарды жалғастырған. Оны әлем едерінің көпшілігі айыптаған.